Қызылорда облысында 5 әлеуметтік нысан мен 12 көше жөнделді
300 студент білім алатын оқу ордасының ғимараты әбден тозып тұрған еді. Енді бұрынғыдай төбесінен су тамшылап, терезеден жел өтпейді.
Исламбек Айекенов, агротехникалық колледж директоры:
- «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына сәйкес 429 млн теңге бөлінді. Міне, сол ремонттың арқасында толығымен 3 ғимаратта жарық жүйесі ауыстырылды. Жуыну бөлмесі, спорт залы – барлығы көптен бері армандап жүрген жоспар.Мұның іске асқанына қуаныштымыз.
Колледждің 150 орынды жатақханасы да бірнеше жылдан бері жабық тұрған еді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бұл ғимарат та қайта жаңғырды. Жалпы айтулы бастама Қармақшы ауданы орталығындағы 5 әлеуметтік нысан мен 12 көшені жөндеуге септігін тигізді.
Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:
- № 27 мектепке 143 млн тг, ал №30 мектепке 246 млн тг, оның бергі жағында орналасқан жыраулар үйіне 48 млн тг, ал «Шипагер» емханасына 36 млн тг қаржы бөлінді. Жалпы бөлінген 2 млрд 114 млн теңгенің 8 млн-ы – үнемделген қаржы. Ол республикаға қайта қайтарылды.
Айта кетейік, бағдарлама шеңберінде бөлінген қаржыға 8 көше жөнделу қажет болатын. Алайда үнемделген қаржы есебінен тағы 3 көшеге қиыршық тас төселген. Кешенді шара аясында ғасырдан астам уақыт күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимараты да қайта жаңғыртылды, – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов