Хабар телеарнасы

Қонаев қаласында әлеуметтік нысандар жетіспейді

Қонаев тұрғындары қалаға әлеуметтік нысандар салғызуды сұрап отыр. Өйткені Алматы облысының әкімшілік орталығында әлі күнге дейін үлкен мәдениет ошақтары мен спорт кешендері жоқ. Сол себепті мәдени іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар Қонаев қаласының орталық алаңында немесе Қарасай, Іле аудандарындағы спорт кешендерінде ұйымдастырылады. Халық жергілікті атқарушы билік өкілдерінен шағынаудандар мен саяжай аумақтарын газдандыру мәселесін де тездетіп шешуді өтінді.

Қонаев Алматы облысының әкімшілік орталығына айналған екі жылдың ішінде қалада көп ештеме өзгере қоймаған. Қазақ драма театры ғимараты мен спорт кешендері құрылысының басталмағанын айтпағанның өзінде, қалада әлі күнге дейін жібі түзу кинотеатр жоқ. Сол себепті тұрғындар спектакль мен жаңадан шыққан фильмдердің премьерасын тамашалау үшін Алматыға баруға мәжбүр болады.

Сауалнама:

-  Қаншама заттар жетіспейді. Бала-шағамызды бассейнге берейік десек, бассейн жоқ. Спорт кешендері аз. Больницамыз кіп-кішкентай мысалы.

- Облыстық центр болғалы бері «детский площадкалар» көбейді. Аялдамалар әдемі бола бастады.

- «Рауан» шағынауданы болсын, қай шағынауданды ал, газ мәселесі ол бұрыннан келе жатқан мәселе. Сол халыққа газын қосып берсе деймін. 

Қалалық құрылыс бөлімінің мамандары жергілікті тұрғындар тілге тиек еткен әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын жеткізді. Әлеуметтік нысандар 2025 жылдың бірінші жартысында салына бастайды.

Ержан Жетігенұлы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бізде бас жоспарда бәрі көрсетілген. Оның бәрін нақтылап, инвесторлармен, кейбірі бюджет есебінен салынады. Жаңағы сіз айтқан театр дейсіз, ол «Конгресс холл» деген проект бар. Ол қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің проектісі жасалып жатыр, аурухана, сол сияқты емхана, инвесторлармен университет салу жоспарланған.

Қонаев қаласындағы үйлердің 35 пайызы ғана газдандырылған. Тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етуді сұраған «Рауан» ықшамауданына 2025 жылы құбыр тартылады,- дейді мамандар. Қаладағы жылу жүйелерінің ұзындығы 58 шақырым болса, соның 43 пайызы әбден тозған.

Ертай Құрманалиев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Жылу жүйесіне келетін болсақ, қазіргі таңда Алматы көшесінің бойында 3 шақырым жерді жылу жүйесін жаңалап, ауыстырдық. Ол жылу жүйесін іске қостық. Қазіргі таңда Алматы көшесінің бойында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Қонаев қаласы Алматы облысының әкімшілік орталығы болған екі жылдың ішінде бас жоспар қайта бекітіліп, аумағы 100 мың шаршы метрдей көпқабатты тұрғын үй салынды. Келесі жылы тағы 10 шақты үйдің құрылысы басталады. Халық жергілікті атқарушы билік өкілдерінен қалалық маңызы бар жолдарды жөндеуді және «Самал» мен «Ардагер» ықшамаудандарына инженерлік желі тартуды сұрап отыр. Оған қазынадан 2 млрд 700 млн теңге қаралған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар да өте баяу жүріп жатыр.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев