«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы медиадипломатияны дамытуда
Ол көп жылдан бері Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым қатынасты нығайтуға көп еңбек сіңіріп келеді.
Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған Эльнара Байназарова жас болса да, медиадипломатия саласында көптеген жобаны жүзеге асырған. Ол Қазақстандағы Еуропалық кинофестивальдердің ұйымдастырушысы, Еуразиядағы қауіпсіздік мәселесі бойынша сарапшы, Финляндиядағы Бейбітшілікті зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуына қосқан үлесі үшін марапатталған. Енді ол – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы.
Эльнара Байназарова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:
- Бұл адамдарды шабыттандыратын, оларға ерекше қуат сыйлайтын, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар адамдарды біріктірген жоба. Сондықтан осындай ауқымды шара дипломат, баспасөз хатшысы ретінде қызметімді кеңейтуге, одан әрі ынталандыруға, жетілдіруге мүмкіндік береді.
Эльнара Байназарова – Қазақстан мен Еуроодақтың халықаралық қарым-қатынасы туралы деректі фильмнің авторы. Дипломатиялық байланыстың 25 жылдығына арналған бұл туынды өткен жылы қазақ тілінде жарық көрді. Одан кейін 35 минуттық деректі фильм Брюссельде ағылшын тілінде көрсетілді.
Эльнара Байназарова, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы:
- Осы жылы «Хабар 24» арнасынан «Еуропаның 10 қыры» атты жеке бағдарламам шығады. деген. Бұл Еуропалық интеграцияның Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға берер жағымды мысалдары қандай? Оны қарапайым жеке адамдардың өмір жолдары, кейіпкерлердің мысалдары арқылы көрсету бірден-бір маңызды деп ойлаймын.
Ағылшын, қытай тілдерінде еркін сөйлейтін Эльнара Байназарова Еуропа елдерінің ертегілерін қазақ тіліне аударған. Жақында «Еуропа әлемінде» атты ертегілер жинағы жарыққа шығады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабева