1 қаңтардан бастап елімізде жабайы аң-құс атуға тыйым салынды
Ақпанның 15-іне дейін қоян, түлкі мен қарсаққа ғана шығуға болады. Оның өзінде төсқалтада арнайы рұқсат қағазы болуы тиіс.
Алайда Ақсу ауданындағы аң шаруашылығына жүргізілген рейд жергілікті тұрғындардың заң талаптарына мүлдем құлақ аспайтынын дәлелдеді.
Ақсу ауданының Матай ауылы маңындағы аң шаруашылығының аумағына кіре салысымызбен алдымыздан заңсыз аң атушылар мінген жеңіл автокөлік кез бола кетті. Олар инспектордың «Тоқта!» деген белгісіне пысқырып та қарамады. Жүріп бара жатқан көліктің ішінен 2 браконьер секіріп түсіп, тоғайға қарай қашты. Жергілікті аң шаруашылығының басшысы Сансызбай Көптілеуов ізінен қуып жүріп, заңсыз аң атушылардың бірін ұстап алды. Жасы 70-ке жақындап қалғанымен, ақсақал әлі тың екен.
Сансызбай Көптілеуов, аңшылық шаруашылық директоры:
- Екі аңшы қашып, біреуін ұстап алдық. Қолында 3 қырғауыл бар екен. Мылтық сақтауға арналған рұқсат қағазы мен жолдамасы жоқ. Үш қырғауылға 74 мыңдай төледі. Қазір айыппұл бағасы өсті. Заң бұзуға болмайды.
Ал осы өңірдегі шаруа қожалықтары бірінің басшысы Құмарғали Баяхметовтың көлігінен оқталған ескі бесатар табылды. Ол жеке куәлігі мен аңшылық билеті, қару сақтауға және оны өзімен бірге алып жүруге рұқсат беретін құжаты ауылда қалғанын айтып ақталды. Сол арада мылтық тәркіленді. Соңынан құжаттарының дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, тиісті қаулы толтырылған соң қару иесіне қайтарылды.
Құмарғали Баяхметов, шаруа қожалығының басшысы:
- Аңшылар жетіп артылады. Тоқтатып сұрасаңыз: «Біз қасқыр аулап жүрміз», – дейді. Қасқыр емес, ылғи еліктерді атады да, терілерін тастап кетеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын 2-3 жылқымды атып кетті.
Матай маңында заңсыз аң аулаушыларға қарсы рейд жүріп жатқаны туралы хабар ауыл ішіне тез тарап үлгерді ме, ертеңгі күні ешкім көзге түсе қоймады. Бірақ қансонардан кейінгі дала төсінде аңшылардың ізі сайрап жатты. «Бір күн бұрын мұнда елік те, қабан да атылған», – дейді қырағы қорықшылар.
Роман Коршунов, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бас маманы:
- Өткен жылы заңсыз аң атудың 110 дерегі тіркелді. Заң бұзушылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 іс сот арқылы шешілді. 400 мың теңгеден астам айыппұл салынып, 8 млн теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығын қайтарылды. Бұл жүйелі түрде жүргізілген осындай рейдтердің арқасында мүмкін болып отыр.
Мамандар браконьерліктің жыл өткен сайын азайып келе жатқанын айтады. Дегенмен бұл жолғы рейд те аң-құсы молдау жерде тұратын ауыл азаматтарының заңға бағынбайтынын көрсетіп берді. Әйтпесе тыйым салынған мезгілде құжатсыз қару асынып, қырғауыл атпас еді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев