Ақтау еріктілері АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға қолдау көрсетуде
Бүгінде ЖИТС орталығында 13 адам айықпас ауруға шалдыққандарға өз еркімен көмектесіп жүр. Олар науқастармен әңгімелесіп, психологиялық көмек көрсетеді, қажетті заттарын, ине және дәрі-дәрмектер таратып береді.
Еріктілер Ақтау қаласының тұрғыны Ләйлә апайға қолдау білдіріп, психологиялық көмек көрсетіп жүр. 50 жастағы әйелдің жолдасына иммун тапшылығы синдромы диагнозы қойылған. 8 немеренің атасы ауру жұқтырғанын жұмысқа тұрарда бір-ақ біліпті.
Ләйлә, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Жолдасым 2014 жылдан бері терапия қабылдап келеді. Қазір жағдайы қалыпты. Тұрақты ем алып отырамыз. Оның осы ауруды жұқтырғанын отбасымыз, балаларымыз білмейді. Еріктілерге рахмет! Таныстарыңа айта алмаған ішкі сырыңды осыларға ақтарасың. Әрдайым қолдау көрсетіп отырады.
Мұрат Мұса бастаған еріктілер тобы 5 жылдан бері қатерлі жұқпалы ауруларға шалдыққандарға көмек көрсетіп келеді. Барлығы да арнайы психологиялық курстан өтіп, білімдерін жетілдірген. Өз диагнозы туралы естіп, өмірден түңілген жандармен жеке сөйлесіп, қолдау көрсетеді. Жақындарымен де жиі жүздесіп, ақыл-кеңестерін береді. Еріктілердің қарауында түрлі жастағы адамдар бар. Басым бөлігі – ер-азаматтар.
Мұрат Мұса, Еріктілер тобының жетекшісі:
- Адам өзінің инфекция жұқтырғанын білгенде өте ауыр жағдайда болады. Өмірмен қош айтысқысы келіп, өзіне қол жұмсауға дейін барады. Біз оларға осындай диагнозбен де өмір сүруге, жақсы көруге, бала сүюге болатынын түсіндіреміз. Аптасына 12-13 адамға тұрақты түрде психологиялық көмек көрсетеміз. Түрлі тақырыпта еркін әңгіме құрамыз. Мұндай кездесулер оларға күш береді.
Жалпы Маңғыстауда АИТВ жұқтырған тұрғын алғаш рет 1994 жылы тіркелген. 26 жылдың ішінде 367 адам осы ауруға шалдығыпты. Оның 80% антивирустық препараттарды тұрақты қабылдаған. АИТВ инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша Маңғыстау елімізде соңғы орындардың бірінде тұр.
Ақнұр Тасболатова, Маңғыстау облыстық ЖИТС орталығы директорының орынбасары:
- 2019 жылы біздің облыс бойынша 48 адам тіркеліп отыр. Оның 42-і Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 6-ы шетел азаматтарының арасында тіркеліп отыр. Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2018 жылы осы уақытта бізде 52 жағдай тіркелген болатын. Оның 45-і Қазақстан азаматтары болса, 7-і шетел азаматтарының арасында тіркелді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 3 жағдайға төмендеп отыр.
Былтыр АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі – 20 мен 40 жас аралығындағы жастар. Ішінде 14 жасқа дейінгі екі бала бар. 70% – тұрақты қызметтегі азаматтар.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев