Алматыда Абай әдеби орталығы ашылды
Енді оқырмандар орталықта ақын шығармашылығымен кеңірек таныса алады. Кітапханада оның мол мұрасы мен шығармашылығына байланысты он мыңнан аса дерек, өмірі туралы 40-тан аса ғылыми жоба сақтаулы. Кітаптың ең құндысы – 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған шығармалар жинағы. Ақын еңбектері әлемнің 31 тіліне аударылған. Алдағы уақытта ұлттық кітапхана Чехия, Венгрия, Германия, Словения мен Ирландияда кітап көрмесін өткізіп, еуропалық оқырмандарды Абай әлемімен таныстырмақ. «Ол – жастарға ой салатын құнды мұра», – дейді ақын-жазушылар.
Смағұл Елубай, жазушы:
- Абай ең алдымен тілі, діні, тарихи санасы бүтін және тек еңбекке ғана жалынатын, ғылымға бой ұратын, сөйтіп әлем халықтарымен терезесі тең болатын, адам баласына тек махаббатпен қарайтын қазақ болашағын армандап өтті.
Болат Жүнісбекұлы, ҚР ұлттық кітапханасының ғылыми хатшысы:
- Бір рет қана оқып «Абай – ұлы», «Абай – философ» деп айту – оңайдың-оңайы. Олай емес. «Абай – әрбір адамға, тіпті біздің бүкіл халқымызға мың жылдық азық» деп айтуымыз керек. Абайды оқиық!