Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, істің мән-жайына қатысты толыққанды ақпарат жарияланбайды.
Облыс әкімінің ұсталғаны туралы ақпарат кеше кешкісін тарағалы бері БАҚ мен әлеуметтік желілерде бұл тақырып бүгін күні бойы көпшіліктің назарында болды. Бірақ бірде-бір мемлекетік орган нақты ақпарат бермеді. Тіпті жоққа да шығарды.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Бұл көпқабатты үйде облыс әкімі Болат Бақауовтың жанұясы тұрады. Мұны жаңа ғана оның көршілері растады. Көршілердің сөзіне сенсек, кешелі бері бұл жерде күмән тудыратын жағдайлар болған жоқ. Бөтен автокөліктер мен адамдар да жүрмеген.
Дереккөздерге сүйенсек, кеше кешкісін облыс әкімі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде болып, кейін босатылған. Бүгін таңертең жұмыс бабымен Болат Бақауовтың үйіне инвесторлар келген. Ол «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасымен кездесіп, сөз алысқан. Ал облыс әкімдігінің мамандары аймақ басшысының жұмыс орнында жоқ екенін жеткізді.
Ернар Сейтахмет, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Облыс әкімдігі штаттық режимде жұмыс жасауда. Барлық қызметкер өз орнында. Облыс әкімі қазір Павлодар қаласында жұмыс мәселелерімен жүр.
Десе де, облыс әкімінің қатысуымен өтетін екі бірдей жиын кейінгіге қалдырылды. Оның орнына облыстық әкімдікте мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне қатысты шара өтті.
Кешеден бері әлеуметтік желілерде «облыс әкімі ұсталды» деген қауесет тарап кетті. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желілер арқылы бұған қатысты түсінік бере алмайтындығын айтқан болатын.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий