Жамбыл облысындағы Аса өзенінің үстінен өтетін жалғыз көпір апатты жағдайда
Ал Аса өзенінің үстінен өтетін жалғыз көпір апатты жағдайда тұр. Соның салдарынан қоғамдық көлік бұл өңірдегі елді мекендерге қатынауын тоқтатқан. Айран, сүт, ірімшік пен майын сатып күнелтіп отырған шалғайдағы жұрт қазір орталыққа жету проблемаға айналғанын айтып, арнамызға шағымданды.
Жергілікті маңыздағы Ерназар-Қойгелді автожолының тоз-тозы шығып кеткен. Қос ауданды жалғап жатқан тасжол кеңестік кезеңнен бері жөнді жөндеу көрмепті. Ал кейбір бөлігінде асфальт мүлдем төселмеген.
Көктемде өзен тасыған уақытта онсыз да қирағалы тұрған апатты көпірдің бір бөлігін су шайып кеткен. Сараптама жасалып, бұл жермен ауыр жүк көліктеріне жүруге тыйым салынған. Алайда маңайда бірде-бір қауіпсіздік белгілері орнатылмаған. Дегенмен жергілікті жұрт бұл жермен амалсыз жүруге мәжбүр.
«Қыста ой-шұқырларды қар басып, қозғалыс жеңілдейді. Ал жаз айларында бұл тастақпен жүру – қиынның қиыны», – дейді ауыл тұрғындары.
Бауыржан Нұрымбетов, ауыл тұрғыны:
- Осы ауылдың тірлігі мына Қаратау арқылы күн көріп отыр. Барлығы сүт апарады, азық-түлікті осында алып келеді. Жолға байланысты талай ұсыныс айтылды. Әкімшілікке, ауданға, облысқа барамыз, бірақ хабар жоқ. Нәтиже жоқ.
Лидия Сушкова, ауыл тұрғыны:
- Автобус тоқтағалы ауыл тұрғындарына тіпті қиын болды. Студент балаларымыз ауылға келе алмай отыр. Әркімнің жеке көлігі жоқ. Такси жалдауға тура келеді. Оған біреудің мүмкіндігі бар, біреуде жоқ. Мәселен, мен сияқты зейнеткерлердің қалтасы қайдан көтерсін?!
Ал әкімдік өкілдері аталған жол биыл жөнделетінін жеткізді. Оған облыстық және аудандық бюджеттен 82 млн теңге бөлініп қойған. «Құрылыс жұмыстары күн жылынысымен басталады», – деп отыр. Жауапты мамандардың айтуынша, жұртты азапқа салған мәселе қыркүйек айында толық шешілетін көрінеді.
Берік Кемел, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
- Аталған жол бүгінгі таңда 100% жарамсыз. Себебі жол әлі жөнделмеген. Біз ең маңызды жолдарға аса мән береміз. Сондықтан басқа жолдар шетте қалып қояды. Алайда аудан тарапынан осы жолға көңіл бөлінді. Осы жылы жөнделетін болады.
Талас ауданында 23 елді мекен жолдарының 30% жуығы ескірген. Биыл бұл бағыттағы жолдарды жөндеуге бюджеттен 615 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Ал апатты жағдайдағы көпірді қалпына келтіруге жобалық-сметалық құжаттар дайын. Көпірді жөндеу жұмыстары сәуір айында басталмақ.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә