Жамбыл облысында 550 мың гектар жер қайтарылды
Биыл Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 100 мың гектар жер игерілмеген. Жыл басынан бері өңірде 550 мың гектар жер учаскесі қайтарылған. Жерге меншік құқығын иеленгендердің 70%-дан астамы ерікті түрде жер телімінен бас тартқан. Өйткені аумақты бос ұстағаны үшін салықты әдеттегіден 20 есе жоғары төлеуге міндеттелген. Яғни жайылым немесе егістікке құр иелік ету енді тиімсіз. Ал жердің қалған бөлігі сот шешімімен тартып алынған. Облыс бойынша жер беру кезінде заңнаманы бұзғаны үшін 28 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты.
Нұрсұлтан Нұрымбетов, Жамбыл облысы Прокуратурасының басқарма прокуроры:
-Пайдаланылмаған учаскелерді прокуратура органдары ақпараттық жүйелерін пайдалану кезінде алынған мәліметтерді талдау жолымен анықтайды. Мысалы, жайылымдық жерлерді пайдалануды анықтау үшін фермерлерде ауыл шаруашылығы жануарларының болуын көрсететін ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесінен алынған мәліметтерді талдау қолданылады.