Заңгерлер жауапсыз әкелерге қатысты заңды күшейтуді ұсынады
Соның ішінде 120 адамның қарызы миллиардтаған теңгеден асады. Әккі әкелер алимент төлемеу үшін небір қитұрқы әрекет ойлап табады екен. Соңғы 3 жылда бір ғана азамат қылмыстық жауапқа тартылды.
Юлия Бахтинаның ажырасып кеткен күйеуіне алимент төлете алмай әуреленгеніне біраз болыпты. Балалардың әкесі олардың жағдайын ойлап, ешқашан уайымдамаған. Оның бүгінге дейін алименттік төлем қарызы 6 млн теңгеге асып кетіпті. Екі баланың анасы 10 жыл бойы бұрынғы күйеуіне алимент төлете алмай әлек болып жүргенін айтады. Ол әрдайым басында баспана, астында көлігі, тұрақты жұмысы жоқ деген ақпарат алумен келеді. Шын мәнінде жалпы борышкерлердің жағдайы мүлдем басқа болып шығады.
Юлия Бахтина, қала тұрғыны:
- Оның Тараз қаласында тұрып, сол жердегі техникалық жөндеу орталықтарының бірінде жұмыс істегенін анықтадық. Бірақ ол жұмыс берушілерден өзі туралы ешқандай мәліметті бөліспеуді, жалақысын жасыруды сұраған. Үнемі табысын жасырып келді. Маған, әрине, балаларды жалғыз бағып-қағу оңай болған жоқ. Оларды асырау үшін қосымша жұмыс та істедім.
Юлия бұрынғы күйеуіне балаларына жаны ашымағаны үшін әбден күйініп, оның заңмен жазалануына қол жеткізді. Ол 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Жалпы соңғы 5 жылда елімізде алимент төлемінен жалтарған 500-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Әнуар Жексеков, Алматы қаласы Әділет департаментінің бас маманы:
- Борышкерлер өндіріп алушылармен қарызы 1-2 млн болса да келісіп алады. Соған өндіріп алушылар сеніп, борышкерлерге уақыт береді. Сөйтіп қылмыстық жауапкершілікке беру туралы арыздарын қайтарып алады.
Көп жағдайда әйелдер бұрынғы күйеулерін дауға қиса да, жауға қимай, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін арызданбайды. «Жаздым, жаңылдым», «Кешіре гөр», «Алиментіңді төлеймін» деп үйіп-төккен уәдеге сенеді. «Өз ұрпағының болашағына алаңдамаған, жауапкершілігі жоқ әкелерден алимент өндіру үшін заң талаптарын күшейту керек», – дейді заңгерлер.
Полина Габдрахманова, заңгер:
- Мейірімсіз күйеу отбасыға сүйеу бола алмайды. Сондықтан әйелінен ажырасып, артынан алимент төлемей жүрген еркектерге қатысты заң талаптарын күшейту керек. Заң осал болған соң, олар да әкімшілік жауапкершіліктен қорықпайды. Жаза қатаң болса, олар төлемнен жалтармайтын болады.
Заңгер борышкерлер өздерінің тұрғылықты мекенжайлары туралы мәліметті жиі ауыстыратындығын айтады. Бұл жағдай оларды қадағалауды қиындатады. Қазір Алматының өзінде 10 мың алимент төлеуші болса, 118 адам жауапкершіліктен қашып жүр.
Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов, Эдуард Кон