Атырауда жылу құбырларының арасынан жаңа туған нәресте табылды
Таңғы 06:00 шамасында шырылдаған сәбидің дауысын естіген кейуана баланы пәтеріне әкеліп, жылытып, жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырған. Ұзақ уақыт аязда қалған нәрестенің денесі мұздап, жүрек соғысы тоқтап қала жаздаған. Шұғыл көмектің арқасында нәресте аман қалды. Қазір шақалақ облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлер: «Жағдайы бірқалыпты», – дейді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ғалым Ембергенов, жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Баланың туа біткен ақаулары жоқ. Дені сау. Күніне жетіп дүниеге келген бала. Бізге әкелгенде салмағы 3 340 гр, бойы 50 см болды.
Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- ҚР ҚК 119-бабының 1-бөлігімен «Қауіпті жағдайда сәбиді дәрменсіз күйінде көрінеу көмексіз қалдыру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу біткенше жариялауға жатпайды.