Хабар телеарнасы

Атырауда тасқын суды Каспий теңізіне бағыттау жұмыстары жүріп жатыр

Өзенді теңізбен жалғайтын негізгі арна – «Жайық-Каспий» каналының ұзындығы 56 шақырымды құрайды. Қазір оның 2,5 шақырымы қазылды.

Жалпы өзен суы теңізге 6 канал арқылы құяды. Биыл оның 4-уі тазартылып, қосымша 2 арнаны аршу жұмыстары жалғасуда.

Соңғы 20 жылда өзеннің теңізге құятын сағасы құмығып, бітеліп қалған еді. Кей учаскелерде каналдың тереңдігі 40-50 сантиметрге дейін таязданған. Енді тасқын судың теңізге өтуіне кедергі жоқ.

Талғат Бисен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- 2 эксковатор-амфибия және 2 земснаряд тартылды. Бүгінгі күні ені 20 метр, тереңдігі 2 метр болатын түп тереңету жұмыстары атқарылуда. Бұған дейін 3-ші және 6-шы өзектерді аршу және түбін тереңдету, енін кеңейту, сонымен қатар «Приморский», «Зарослый» каналдарында түп тереңдету жұмыстары орындалған болатын.