Дариға Назарбаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын қайта қарауды ұсынды
Қолда бар мүмкіндіктер тиімді іске асырылмай жатыр. Барлық өңдеуші кәсіпорындардың 45% ғана жұмыс істейді. «Көп шешімнің экономикалық негіздемелері көрінбейді», – деді Дариға Назарбаева.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» басқару холдингі басшылары қатысқан жиында мамандар қордаланған мәселелерді ортаға салды. Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов: «Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2 трлн теңге жұмсалса да, өсім жоқ», – деді. Агроөнеркәсіп саласы әлемдік межелерден айтарлықтай кешеуілдеген. Қазақстан дайын өнімді әлі де сырттан алуда, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне кері ықпал етеді.
Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:
- Соңғы 5 жылда субсидиялау ережелері 47 рет өзгерді. Бұл қалыпты жағдайға айналды. Ұдайы өзгерістер енгізіледі, бірақ фермерлер оны түсініп үлгермейді. Өйткені шаруалар құжаттарды дайындағанша келесі түзетулер күтіп тұрады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасында да жұмыс үйлеспеген. Жер ресурстары комитеті ауыл шаруашылығы жерлеріне жауапты болғанына қарамастан, барлық актіні берумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Сондықтан бұл базаны тәртіпке келтіру керек.
Иван Сауэр, агрофирма директоры:
- Әр қиырдан ангус етін іздеуді қойып, отандық тұқымды дамыту керек. Яғни қазақтың ақ бас сиырын өсіруді қолға алған жөн. Ол біздің қатаң табиғатымызға жақсы бейімделген. Оған ешқандай инфрақұрылым салудың қажеті жоқ. Еті де дәмді, жыл он екі ай жайылып жүре береді. Егістікпен айналысатын шаруаларға әлемдегі секілді 2-3% несие беріңіздер. Сонда мемлекет 60-70% қаржыны үнемдейтін болады. Адамдарды пара беруге емес, ақша табуға үйрететін жүйені енгізу керек.