Хабар телеарнасы

Жамбыл облысында алма бақтары қурап жатыр

Жамбыл облысында 7 жыл бұрын егілген алма бақтары қурап жатыр. 50 гектар болатын 10 алқап жарамай қалған. Бұған не себеп? Көшет сапасыз ба, әлде жер құнарсыз ба? Жобаға қанша қаржы жұмсалды? Шығынды кім өтейді?

2017 жылы кәсіп аштық, -деп қуанған бағбандар қазір жылап жүр. Себебі Сербия елінен алып келген 125 мың дана көшеттің біреуі де жеміс бермеген.

Келісім бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 10 шаруаны жиып, алма бақпен айналысу үшін қаржы бөлген. Оған қоса агроном мамандары алаңдарды аралап, көмектеседі, - деген. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша болған көрінеді.

Серік Ералиев, шаруа:

- Алмаларға қарайтын агроном болу керек еді. Алмаларды дұрыс емес жерге отырғызғаны бір, шетелден келген алма жерсінбей жатыр.

Жауаптылар шетелдік сұрып екі жылда өнім береді, - деген. Сонымен қатар тыңайтқыш пен түрлі шығындар жылма-жыл субсидиялануы тиіс болған. Бірақ шаруалар алғашқы көмек ашқаның өзін бақ ашылғаннан кейін екі жылдан соң алыпты. Оған дейін өз қаражаттарын салған.

Убайдулла Сериев, шаруа:

- Бұл арада сплошной қамыс болып тұрған. Ол қамыстың бәрін өзіміз жойып береміз. Химикат сеуіп береміз, ештеңе шықпайтын болады. «Сендер қарық боласыңдар, алма бақтың барлығын бітіріп береміз, шетелге сата бересіңдер», - деді ол фонд. Сатпақ тұрмақ, бір тиын көрген жоқпыз.

Мерей Бает, тілші:

- Мақтауын асырып, 700 млн теңге жұмсалған 50 гектар алма бағы осылай қирап жатыр. О баста агрономдар әр талынан 15 келіге дейін өнім аламыз деп уәде берген. Бірақ қазір бау-бақшаны қамыс қаулап, арамшөп басып кеткен.

Облыстағы 1162 гектар алқапқа бақша өнімі егілген. Бірақ жауапты басқарма мамандары оның қанша жері күйіп кеткенінен хабарсыз. Олар бақты бақташының өзі қарауы тиіс деген ұстанымда.

Шәкім Момынқұлов, ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Сербиялық тұқымдар келген. Оның барлығы карантиндік, лабороториялық құжаттарының барлығы болған. Ол егілген. Ал шаруаның ары қарай агротехникалық  жаңағы препараттармен өңделіп тұрды ма? Сол агротехникалық іс-шаралардың барлығын шаруалар дер кезінде орындауы керек.

Ал «ҚазАгро» өкілдері: «Шаруалардың шағымы орынсыз», - дейді. «Себібі олар қаржыны алып, алма баққа тиісті күтім жасамаған», - дейді. Дегенмен бұл жобаларға қанша қаржы қарастырылып, бағбағдардың қанша қарыз болғанын құпия ұстап отыр. Ал шаруалардың сөзінше, қарыз 7 млрд теңгеге жуықтайды.

Бауыржан Тәжібаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:

- «Кейбір шаруаларда су жоқ», - дейді. Бірақ су бар. Енді ол әркімнің өз сылтауы бар. Аграрлық несие корпорациясы қаржы ұйымы болғандықтан, қарыз алушылар туралы мәліметтерді жария етуге құқымыз жоқ.

Қаржы бөлуші компания шаруаларға берген қаржыны қайтару үшін сотқа жүгінбек. Ал облыстық басқарма болса, бактериалық күйікке шалдыққан  алқапты жою жұмыстарына қаржы қарастырылғанын айтты.

Мерей Бает, Елдар Байділдә