Жамбыл облысында шойын жолға өткел керек
Жамбыл облысындағы Ойтал ауылының тұрғындары жергілікті биліктен соңғы 10 жылдан бері аспалы өткел салып беруді сұрап отыр. Себебі елді мекеннің ортасын теміржол бөліп жатыр. Ауылдықтар сол шойын жолдан бастарын бәйгеге тігіп өтеді. Ал оқушылар сабаққа кешігіп қалмау үшін сағаттап тұратын пойыздың астынан өтуге мәжбүр.
Эльмира Мамыткерімова Ойтал ауылындағы №20 орта мектепте 20 жылдан бері ұстаздық етеді. «Өткел мәселесі ата-анамен қоса ағарту ошағының ұжымын да алаңдатып отыр»,— дейді ол. Себебі бұл жерден Бішкектен Мәскеуге бағыт алған жолаушылар пойызы мен Қырғызстанға тауар таситын жүк вагондары күнде қатынайды.
Эльмира Мамыткерімова, мектеп мұғалімі:
-1000 бала оқиды, осы жерде 120 мұғалім. Бәріміз осы жерден өтеміз. Қорқынышты, өте қауіпті. Пойыздың астымен өтеміз. Міне қазір жұмыстан келе жатырмын, кейбір кезде бізді өткізбейді. Айыппұл төлейсіңдер дейді. Біз сонда қай жақтан өтеміз, ана жақтан өтеміз бе?
Өткел салуды ауыл тұрғындары көптен бері сұрап жүр. Себебі теміржолдың бір бетінде емхана мен базар болса, арғы жағында екі мектеп, балабақша және спорт кешені бар.
Зура Байназарова, Ойтал ауылының тұрғыны:
-3-4 пойыз қатарынан тұрған кезде олардың астынан өтеміз біз. Балаларға біз қатты алаңдаймыз. Оларды мектептен көбінесе өзіміз барып алып келеміз.
Аудан билігі бұл мәселеден хабардар. Бүгінде Ойтал ауылын мекен еткен халық саны 10 мыңнан асып кеткен. Алайда жер біздікі болғанымен, үстіндегі шойын жолды Қырғызстан теміржолы жалға алған. Сондықтан көпір салуға олардың рұқсаты қажет. Жергілікті билік сол келісімге былтыр ғана қол жеткізген екен.
Жорабек Баубеков, Меркі ауданының әкімі:
-Жобалық-сметалық құжаттама мәресіне жетіп қалды. Ары қарай мемлекеттік сараптамадан өткізген соң біз жоғарғы тұрған бюджетке бюджеттік өтінім беріп қаражат сұраймыз деген жоспарымыз бар. Жалпы жұмысты биыл бастап кету керек деген міндеттеме алып отырмыз.
Дотациялық аудан өткел құрылысына қажет қаражатты облыстан сұрамақ. Мақұлданса, тұрғындар тілегі орындалып, ширек ғасыр күткен көпір құрылысы басталады.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елнар Байділдә