Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы Қаратау қаласында шешілмеген мәселе көп

Шағын шаһардың халқы 20 жылдан астам уақыттан бері күтімсіз қалған ғимараттардың қирандылары мен жарық, жол мәселесін айтып шағымданып отыр. Жергілікті жұрт қордаланған әлеуметтік жағдайды талай рет көтерген. Сан мәрте көмек сұрап әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты.

Блиц:

- Дым жоқ. Жарық та, ештеңе де жоқ. Ит деген өріп жүреді.

- Адам соғыспақ түгілі бауыздап өлтіріп жатса да, милиция жоқ. Таппайсың.

- Автобус 07:10-да жүріп кетеді. Одан кейін оны көрмейміз. Оқушылардың автобусы да жүрмейді.

Бұл – моноқала Қаратаудағы теміржолдың арғы бетінде тұратын жұрттың жан айқайы. Еститін құлақ болса, шешілмеген мәселе шаш етектен. Тұрғындар айтқан бірінші мәселеден бастайық.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бұл жер – ескі ет комбинатының орны. Тоқырау жылдары жекенің қолына өтіп, қожайындары қажетті құрылыс материалдарын бұзып алып кеткен. Қазір қабырғалары қаңырап, қирандылары үйілген күйі жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер қазір қаңғырған иттер мен түн кезіп тентірегендердің мекеніне айналған.

Бұрынғы ет комбинаты бүгінде бұзақылардың панасына айналған. Ал дәл осы жер – тұрғындар мен оқушылардың күнделікті жүретін жолы. Маңайда жарық орнатылмаған. Қала шетіндегі жұрт балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады.

Дәметкен Сыпатаева, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Көшеде жарық жоқ.

Екінші мәселе. Төңіректе қаңғырған иттер қаптап кеткен. Мақұлықтар тіпті адамға шабатын болыпты.

Қайрат Қоқымбаев, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Толған ит. Мына жерден өтсе, ананың ішінен шығады. Талай рет полицияға хабарласып, ең құрығанда атып тастауын сұрадым. Олар болса оқ-дәріе ақшаның жоқтығын айтып, қоя салды.

Үшінші проблема. Оқушылар мен тұрғындарды мектеп пен орталыққа тасымалдайтын автобус тұрақты жүрмейді. Шағымданушылардың айтуынша, қоғамдық көлік әбден тозған. «Қорқынышты жолмен амалсыз жүруге мәжбүрміз», – дейді. Әсіресе күні қысқа қыс айларында қиналатындарын айтып отыр.

Бибісара Мелдебекова, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Автобус жоқ. Мына жолдарды жөндесе екен. Жолдың барлығы быт-шыт.

Қайрат Қоқымбаев, Қаратау қаласының тұрғыны:

- Әкімді шақырсаң, ол елден қашады. Қазір осы жерге келсе болады ғой. «Халыққа қызмет етемін» деп отырды ғой сол орынға. Ал олар халықтан қашады. Тығылып алады.

Әкімдік өкілдері келмеді емес, келді. Тұрғындар тараған уақытта. Негізгі деген мәселелерді, яғни жарық, қоғамдық көлік, шұқыр болған жолдар мен иттерге қатысты сауалды біз де қойдық. Әңгіме айта-айта жауыр болған қирандылардан басталды.

Мақсат Рысбаев, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары:

- Қираған ғимараттарға байланысты ескертілген болатын. Осы уақытқа дейін «қоршаймыз, тазалаймыз» деп келді. Тазаланбауына байланысты шара қолданатын боламыз. Оқушыларды тасымалдау бойынша айтып өтер болсақ, биылғы жылдың басынан мердігер компаниямен келісімшарт жасалып, заң талабына сай жаңа автобустар алынды. Резервке тағы да автобус қойылды.

Ал иесіз иттерді жоюға биыл аудандық бюджеттен 3 млн-нан астам теңге бөлінген. Былтыр қала бойынша 400-ден астам ит, 100 шақты мысық атылып, залалсыздандырылған көрінеді.

Талғатбек Алтынбек, Талас аудандық ветеринарлық бөлім басшысы:

- Аудан тұрғындарының 50% осы қалада. Ит те осында көп шоғырланады. Сондықтан барлығын қолға алу керек.

Жылдар бойы жиналған проблемаларды айта берсең, шағын сюжетке сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен жергілікті билік өкілдері жуық арада жарықты орнатып беруге кадрдан тыс уәде берді. Жолды да көктем шығып, күн жылынысымен жөндеп беретінін айтты. Ал қираған ғимараттардың орнын тазалау жұмыстарына қатысты нақты жауап жоқ. Тек қожайындарына әкімдік тарапынан хаттама жіберіп, ескерту берумен шектелетін түрі бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә