ШҚО-да 69 жұмысшы еңбекақысын ала алмай жүр
Кәсіпорынның 69 жұмысшыға бүгінге дейінгі берешегі 20 млн теңгеге жеткен. Еңбекақысын дау алған шағын шаһар тұрғындары қазір еңбек инспекциясы мен полицияның табалдырығын тоздырып жүр. Алайда құзырлы органдарда заңды пәрмен болғанмен, дәрмен болмай тұр.
Ірі өндіріс жұмысшылары киетін бетперденің түр-түрін шығаратын бұл зауыт негізі бірнеше жыл бұрын банкротқа ұшыраған. Осыдан соң мемлекет кәсіпорынды проблемасы бар несиелермен жұмыс істейтін қордың тізіміне енгізіп, басқа инвесторға береді. Бірақ зауытты сенімді басқаруға алған адамның бизнесінен былтырыдан бері береке кеткен. Жұмысшылар өткен күзден бері еңбекақысын даулап жүр.
Елена Зиновьева, зауыт жұмысшы:
- Бастапқыда еңбекақыны аз болса да, төлеп тұрды. Одан соң кешіктіріп, 50% берді. Енді, міне, қысқартуға түскелі жарты жыл болды. Әлі жалақы жоқ.
Еңбекақыны уақытылы ала алмаған тұрғындар коммуналдық мекемелерге шаш-етектен қарыз. Несие алғандардың проценті күн санап өсіп жатыр.
Татьяна Устименко, зауыт жұмысшысы:
- Көмірді жалақымызға жаздырып алдық. Менің зауыттан 108 мың теңге алшағым бар. Несиемнің пайызы да өсіп кетті.
69 жұмысшыға зауыттың бүгінге дейінгі қарызы 20 млн теңгеге жуықтаған. Алтай ауданының әкімдігі кәсіпорынға қатысты мәселеден толық хабардар. Сондықтан басқа инвестор іздестіріп жатыр. Ал қысқартуға түскен тұрғындарға басқа жұмыс орындарын қарастырып жатқан көрінеді.
Сергей Гордиенко, Серебрянск қаласының әкімі:
- Бүгінге дейін 32 адамға жұмыс ұсындық. Сондай-ақ қала сыртында техникалық қызмет көрсететін тағы бір кәсіпорын бар. Оған да кейбір мамандар қажет екен. Келісім жасалып жатыр.
Жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлемеген зауыт басшысына қатысты іс қозғалды. Ал кәсіпорынның есепшоты бұғатталған.
Бақытбек Қизатов, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы:
- Қазіргі кезде ол іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол аудандық полицияда жатыр. Еңбек инспекторы оларға тисті әкімшілік шара қолданды. Осы тұжырымдама орындалмағаны үшін аудандық сотқа жіберілді.
Зауыт жұмысының қайта жанданатынына жұмысшылардың үмітінен күдігі басым. Бұрын дүркіреген аудан орталығы болған Серебрянск қаласында бүгінде 8 мыңнан астам ғана тұрғын бар. Жыл сайын көшіп жатқандар да аз емес.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин