Петропавлда мемлекеттік балабақшалар сенімді басқаруға берілді
Облыстық Білім басқармасы қаладағы 3 ұйымды жекенің басқаруына берген. Бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түсті.
Мемлекеттік балабақшаларды жекенің қолына беру туралы ұсыныс кәсіпкерден түскен. Облыстық Білім басқармасының қызметкерлері оның өтініші бойынша байқау жариялайды. Бірақ ата-аналармен кеңеспепті.
Владимир Ткаченко, Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ата-аналармен талқыланбады. Бұл біздің қателігіміз шығар. Барлығы заң жүзінде. Бірінші рет болғасын кемшіліктер бар. Олар келесі жобаларда ескеріледі. Бір компанияның құрылтайшысы ауысып кетті. Оның қалалық білім бөлімінің басшысына қатысы бар-жоғын білу үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне хат жібердік.
Негізі өзін-өзі басқару заңы бойынша бұл бастаманы мәслихат депутаттары бекіту керек. Алайда оларға тендер туралы айтылмаған. Халық қалаулылары тамызда болған істі қазан айында мақұлдаған.
Павел Афанасьев, қалалық мәслихат депутаты, заңгер:
- Тендердің шешімі тамыз айында белгілі болған. Ал мемлекеттік жеке меншік әріптестігінің нысандары қазанда бекітілді. Депутаттар оны қабылдамауы да мүмкін еді. Бұл жерде білім басқармасы өзінің уәкілдік құқығын асыра пайдаланған.
Енді оны прокурорлар анықтайды. Қазір құзырлы орган қызметкерлері тиісті құжаттарды алып, тексеріс жүргізіп жатыр.
Қайсар Әбішев, қала прокурорының орынбасары:
- Біріншіден, мұның бәрі қалай жоспарланды? Неге дәл осы балабақшалар таңдалды? Байқау өтті ме? Қандай талаптар қойылды? Келісімшартқа дейінгі жұмыстар түгел тексеріледі. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім шығарылады.
Бір қызығы, сенімді басқаруға соңғы 10 жылда салынған балабақшалар берілген. Мәселен, «Балдәурен» 2008, ал «Ақбота» 2010-да ашылған. Бұл тұрғындар тарапынан түсінбеушілік туғызды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов