СҚО-да ҰБТ-ның алғашқы күні 480 түлек сынақ тапсырды
180-і қазақ, қалғаны орыс тілінде тапсырған. Түлектерден құжаттар өткен жылдың желтоқсан айында бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. 1409 адам тест тапсыруға өтініш білдірген. Биыл сынақ форматы өзгерген жоқ, тек бақылау күшейді.
Нәзерке Келісбаева, үміткер:
- Бірінші рет уайымдап тұрмын. Негізінде «Өте алмай қаламын ба?» деген де қатты қорқыныш бар. Бірақ өзіме сенімдімін. Дайындығым жақсы. Мұның алдында мектепте сынақ тапсырғанбыз. Алайда бұл бәрібір басқаша сезіледі.
Ирина Голодова, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
- Биыл өңірде 3300 оқушы мектеп тәмамдайды. Ал олардың нақты қаншасы тестілеуге қатысатыны әзірге белгісіз. Бүгін сынақ тапсырып жатқан 480 адамның 24-і – шартты түрде оқуға қабылданған студенттер. Барлық аудиторияға ұялы құралдарын бұғаттайтын құрылғылар қойылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Түлектерден тыйым салынған заттар мүлдем табылған жоқ.