СҚО-да газ тапшы
Қазір өңірдегі жанармай құю бекеттерінде көгілдір отын талонмен ғана сатылып жатыр. Кей жерлерде ол да жоқ. Шымкентте де тап осындай жағдай. Мәселе қашан шешіледі?
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысында көлігін көгілдір отынмен оталдыратын жүргізушілер көшелерді кезіп, бекеттерді жағалап жүр. Қазір қайда барсаң да ұзын-сонар кезек. Өңірде газ қат болып тұр. Сатылса да, талонмен ғана ала аласыз.
Бекежан Нұрмұқанов, қала тұрғыны:
- Газ уже үшінші апта жоқ. Кей жерде болады, кей жерлерде жоқ. Бензинмен жүрміз. Қазір бензин де талонмен болып жатыр. Кеше екі заправкаға соқтым, талонмен дейді бензин. Бағаны көтерейін деп тұрған шығар. Солай деп ойлаймын, өз ойым менің енді.
Өңірде 100-ден аса газ құю станциясы жұмыс істейді. Мамандар көгілдір отынның тапшылығын жылу беру маусымы және орақ науқанымен байланыстырып отыр. «Биыл ылғалды бидайды кептіру үшін элеваторларға көп газ кетті», - дейді олар. Оның үстіне Ақтөбедегі мұнай өңдеу зауыты жөндеуге жабылып қалған. Сондықтан жергілікті билік өкілдері тиісті министрлікке хат жолдады.
Максим Сизов, энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Энергетика министрлігіне қосымша газ бөлу жөнінде өтініш жолдадық. Оның негізінде қараша айына 504 тонна көгілдір отын берілді. Қазір 1 мың 300 тоннасы келе жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысында айына 6 мың тонна сұйытылған газ тұтынылады. Тап осындай жағдай Шымкентте де байқалады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Рақмет, Айдарбек. Иә, Шымкентте де автогаз тапшы. Аймақтағы бекеттердің көпшілігі сұйытылған отынның жоқтығынан жабық тұр. Ал кейбірінде шекті мөлшерде саудаланып жатыр. Салдарынан станса алдында ұзын-сонар кезек пен көлік кептелісі. Аталған мәселеге қатысты жанар-жағармай қауымдастығына да шағым түскен. Айтуларынша, ішкі нарықтың тұрақсыздығына – сұйық отынның мерзімінде жеткізілмеуі себеп. Сонымен қатар тұтынушы сұранысы ескерілмеген.
Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-жағармай қауымдастығының» төрағасы:
- Мысалы сондай үлкен компаниялар аз алады да, басқа кішкене ИП-лар көп алады. Бірақ олар алып-сатумен айналысып жатыр дегенді естіп жатырмыз. Мәселенің бәрі осыда деп ойлаймын. Дұрыс бөлінбеудің кесірінен. Бұл бірінші күн емес. Осы мәселені біз талай көтергенбіз министрлікте. Дегенмен қазіргі таңда нақты шешімін тауылып жатқан жоқ.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қауымдастық төрағасының айтуынша, сұйық отынның тапшылығын жою үшін саланы бақылауды күшейту керек. Қоғамдық кеңес құрып, автогаздың бекеттерге қажетті мөлшерде бөлінуін қадағалау маңызды. Қазіргі таңда көлік жүргізушілері айына 8 мың тонна сұйытылған газ тұтынады. Ал оның әр литрі 70 теңгеден саудаланып жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов