Өткен жылы азық-түлік 10,4% қымбаттады
Тіпті зейнетақыға, жәрдемақыға үстеме қосылса, аса қуана қоймайтынымыз да, содан болса керек. Өйткені іле-шала тамақ бағасының шарықтайтынын халық біліп алған. Сонымен өткен жылы азық-түлік 10% қымбаттаған екен, ал жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде бұл бағаға тағы 0,2% қосылып үлгерген. Жауапты министрліктер қандай себеп пен сылтау айтып отыр?
2018 жылдың желтоқсанында 247 теңге болған қарақұмық 2019-дың желтоқсанында 311 теңгеге көтерілген. Күріш 318 теңгеден 349 теңгеге, сұлы жармасы 324 теңгеден 349 теңгеге қымбаттапты. Сиыр, қой еттеріне бақандай 250 теңге, жылқы етіне 270 теңге қосылған. Тауық еті де 100 теңгеге қымбаттаған.
Нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін барлық қалада азық-түлікті тұрақтандыру қоры құрылған. Мәселен, елорданың қорында қазір 7 мың тоннадай азық-түлік сақтаулы. Егер осы тауарлардың бағасы шарықтап кетсе, әкімдік қоймадағы қорды сатылымға шығарады.
Азамат Рашитов, Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының маманы:
- Оларды біз жергілікті желілерге арзандатылған бағамен сатамыз. Қазір картоп 85-90 тг тұрады. Біздің өткізілетін өнім арқасында 78 тг-ге төмендеді. Кейбір жерлерде 70 теңгеден сатылып жатыр.
Бірақ қаланы жеті айналсақ та, 70 теңгенің картобын таба алмадық. Базардағы алушы басқаша сөйлейді.
Бізде Үкімет бекітіп берген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрі бар. Оларға қосылатын үстеме баға белгіленген шектен аспауы тиіс. Бірақ былтыр бұл тауарлар да айтарлықтай қымбаттаған.
Мейірхан Төлешов, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Ішкі сауда департаменті директоры:
- 2019 жылы әлеуметтік маңызды тауарларда 10,4% өсім болды. Ең қымбат облыстар: Павлодар, Атырау. Нұр-Сұлтан қаласында үлкен өсім байқалды. Баға өсімі 5 тауар бойынша байқалды. Олардың қатарында қарақұмық, сиыр еті, ұн, күріш және макарон өнімдері бар. Баға өсуінің себептері делдалдардың көп болуына байланысты.
Жангелді Шымшықов, экономист:
- Бәрі: «Бар бәле сатушыдан», – деп ойлайды. Сатушы сатып алған тауардың бағасына тек 15% қосады. Баға бізге жеткенше көтеріліп келеді. Өйткені көтерме сауда базалардың арғы жағында монополистер тұрады. Олар бағаны көтереді. Сондықтан көтерме сауданы ретке қою керек не оны мемлекетке беру керек.
Базардағы шарықтаған бағаны көпбалалы аналардың қалтасы көтермейді. Амал жоқ, нан мен шайға қанағат еткісі келеді. Бірақ оның да бағасы тұрақты емес.