Сырдария өзеніне салынған қалқымалы көпір апатты жағдайда тұр
Дарияның арғы бетінде 5 мыңдай тұрғыны бар 8 елдімекен орналасқан. Олардың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Сондықтан олардың тыныс-тіршілігінде өткелдің маңыздылығы жоғары. Алайда 30 жылдан бері пайдаланылып келген көпірдің бүгінде ауыр жүк көліктерін өткізуге мүмкіншілігі бомай тұр.
Ірі техникалар қазір 90 шақырым жер жүріп, айналма жолмен қатынайды екен. Ал қалқымалы көпірмен арқылы бұл аралық небәрі 18 шақырымды құрайды.
Қайрат Байсалбаев, Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны:
- Ақлақ деген жерде жол бар. Бірақ оның жолымен жүрумүмкін емес. Батпақ, алыс. Асфальт та жоқ. Біздің жолдарымыз өте нашар.
Шындалы Әбдіраманов, Аманөткел ауылының тұрғыны:
- Елдің тіршілігі осыған байланысты. Қазір бірнеше шаруа қожалығының арғы бетте шабындықтары бар.
Бұл көпір кезінде 40 тонна жүкті көтеруге қауқарлы болған екен. Темірі шіріп, қайықтары тесілгеннен кейін, 3 рет күрделі жөндеуден өткен. «Дегенмен қазіргі жағдайы жамап-жасқауға да келмейді», – дейді тұрғындар.
Қайырбол Қайырбеков, қалқымалы көпірдің күзетшісі:
- Асты су тұратын жерлерінің бәрі қаңылтырмен қапталған. Енді 4-5 қайықтан су кетіп тұр. Ағашпен тығындап дайындап жүретін едік. Енді қос қабат болған жерде судың қай жерден кетіп жатқаны белгісіз. Ағаш тығынға келмей тұр.
Бұл мәселеге жергілікті әкімдік те қанық екен. «Қазір жаңа қалқымалы көпірдің жобалық-сметалық құжаты даярлануда», – деді аудан әкімі.
Мұхтар Оразбаев, Арал ауданының әкімі:
- Сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін біз облыстық бюджетке ұсыныс береміз. Негізі бізге қалқымалы көпірді жаңадан салу қажет. Күз бен көктем кезіндегі мұздың жүру уақытында уақытша қиындық туындайды. Біз жаңа қалқымалы көпірді қалпына келтіріп берсек, халықта қатынас болады ғой деп ойлаймыз.
Жаңадан салынатын көпірді тұрғындар асыға күтіп отыр. Өйткені күн өткен сайын тозығы жеткен понтонның күрмеулі мәселесі көбейіп бара жатыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев