Хабар телеарнасы

Биыл елімізде тағы 11 автожол ақылы болады

Ал жүк көліктерінің салмағын тексеру жағы қатаңдатылады. Ережені сақтамағандарға автоматты түрде айыппұл салынуы мүмкін. Үкімет отырысында күре жолдарды күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары да сөз болды. Премьер-министр Олжас Бектенов жергілікті әкімдіктердің жұмысын сынға алды. 

Қазір күре жолдарды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары қызған шақ. Жобаларды іске асыру мерзімі мүлтіксіз сақталуы тиіс. Алайда құрылыс маусымы қысқа деп сапаны ұмытуға болмайды. Үкімет отырысында Олжас Бектенов жолдардың жағдайына қатысты жеке тоқталды. Елдің арыз-шағымы көп, сонда әкімдік қайда қарап отыр деп шүйлікті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі
- Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр?

Сапаға қатысты ресми сандар да мәз емес. Құрылыс маусымы басталар алдында асфальт-бетон зауыттарына ауқымды тексеру жүргізіліпті. Кәсіпорындардың үштен бір бөлігі ғана талапқа сай. Қалғандары өндіріс технологиясын қайта түзеткен. Көлік министрі Марат Қарабаев биыл кей жерде жол жөндеудің жаңа тәсілі қолданылатынын айтып, артықшылығына тоқталды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Жол төсемесін «ресайклинг» әдісімен бекітіп, 2 қабат асфальт жабыны салынуда. Аталған технология жоба құнын реконструкциямен салыстырғанда 7 есеге арзандатуға және 2 есе жылдам жөндеуге мүмкіндік береді. Бұл жобалардың қатарына 20 жылдан бері жөндеу кезегін күтіп отырған «Жезқазған – Петропавл», «Шалқар – Қандыағаш», «Қарағанды – Қарқаралы», «Семей – Қайнар» және «Семей – Барнаул» сияқты ірі жобалардың кіргенін атап өткен жөн.

Биыл сондай-ақ Түркістан облысы, Шақпақ баба асуындағы автомобиль тоннелі пайдалануға беріледі. Осы жылы құрылысы аяқталуы тиіс жобалар қатарында Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасы арқылы салынып жатқан көпір де бар. Бұл өткел жазда пароммен, қыста мұз үстімен қатынауға мәжбүр елдің бір мәселесін шешеді. Ал Ұлытау облысындағы «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысы әлі басталмаған. Министр оған қыркүйек айында іске кірісеміз деп уәде етті. Жалпы ұзындығы 3 200 шақырым болатын ақылы жолдардың биыл тағы 2 мың шақырымына кезең кезеңімен ақы алу енгізілмек. Министр ақылы жол тарифі өсетінін де ескертті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифі басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Осыған байланысты, күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды толық өтеу үшін қолданыстағы тарифті 20% өсіру мәселесі пысықталуда. Бұл ретте жергілікті жүргізушілерге тиісті жеңілдіктер қарастырылатын болады. Негізгі жүктеме ел арқылы өтетін транзиттік автокөліктерге бағытталатын болады.

Тағы бір өзгеріс. «Жолда жүретін жүк көліктерінің салмағын өлшеу тәртібі күшейеді. Себебі елімізде тіркелген 450 мың жүк көлігінің 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонналық межені үнемі сақтамайды. Жолдардың тез бұзылуына себепкер жайттың бірі - осы»,— дейді шенеуніктер. Мұнымен күресу үшін келесі жылы жүріп бара жатқан жүк көлігінің салмағын автоматты түрде өлшейтін 220 бекет салынатын болыпты. Сол кезде айыппұлда онлайн түрде рәсімделеді. Айта кетейік, 2024 жылдың жоспарында 12 мың шақырым жолды жөндеу және реконструкциялау көзделген. Оның 8 мың шақырымы – республикалық, 4 мың шақырымы – жергілікті жолдар.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Қатан Әбілдин