Хабар телеарнасы

Қостанай жылқы зауытының жағдайы құлдырап кетті

Қазына қаржысынан қағылғаннан бері Қостанай жылқы зауытының жағдайы құлдырап кетті. Қазақ қазанатын жаңғырту жұмыстары қазір тұралап тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты кәсіпорын иелігінде кезінде 300-ден астам қыл құйрықты жануар болды. Бүгінде соның үштен бірі ғана қалған. Асылтұқымды жылқы санын қалай көбейтеміз? 

Қостанайдағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының іргетасы сонау 1880 жылдары қаланған. Мұнда асылтұқымды жылқы өсіру жұмыстары жүргізілген. Салт-жегінді Қостанай тұқымын бекіту туралы Сталиннің қолы қойылған қаулы да бар. 2000 жылдан зауытта спорттық бағыттағы қазақ қазанатын жетілдіру жұмыстары басталды. Іріктеліп, сұрыпталып ағылшын, араб және жергілікті жылқыны будандастыру арқылы қыл құйрықты тұлпардың жаңа түрі алынды.

Серік Смағұлов, шабандоз:

-Қостанай жылқы күрең қасқа болып келеді осылай. Олар алысқа шыдамды. Аяқтары мықты. Нелері сіңірлері жуандау болып келеді. Сосын тұяқтары да мықты болып келеді. Бұл жүріске де жақсы. Алысқа да барады.

Он жыл бұрын жылқы зауытын мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтағаннан бері селекциялық жұмыстың аяғы сұйылып кетті. Кәсіпорын базасында иммуногенетикалық, биотехникалық зертханалар, асылтұқымды айғырлардың шәуітін мұздатып сақтайтын қондырғылар бар. Осының бәрі бүгінде қаңырап тұр. Мұндағы жұмысшылардың бірнеше айлап жалақы алмауы қалыпты үрдіске айналған.

Нияз Ыбраев, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының күзетшісі:

-Мен осында күзетші болып істеймін. Алдында конник болып істедім, сосын күзетшілікке ауыстым. Бес ай болды, алдында алған жоқпыз бес ай, тағы да жалақыны кешіктіріп жатыр.

Виталий Гофман, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының зоотехнигі:

-Отандық бірегей жылқы тұқымын сақтап қалу, ұрпақ алдында парызымыз деп білемін. Өз күшімізбен жем-шөбін дайындап, қора-қопсыны жамап-жасқап алдық. Спорттық бағыттағы бір жылқының күтім-бағымына жылына бір миллион тенгеден астам қаржы қажет. Мемлекет қолдауынсыз оны іске асыру мүмкін емес.

Таяуда өткен ауыл шараушылығы қызметкерлерінің форуымында Мемлекет басшысы Қостанай жылқысы жоғалып кетудің сәл алдында тұрғандығын айтып, оның санын, сапасын арттыруды міндеттеген болатын. Заңға енгізілген өзгерістерге байланысты, енді жылқыны асылдандыру бағытындағы селекция, күтіп-бағу шығындары субсидияланатын болады.

Аслан Молдаш, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

-Ғылыми институттар соның нормативін сосын анау критерий дейді. Соны бізге ұсыну керек. Селекциялық жұмыстармен Қазақстан бойынша Қостанай тұқымы қанша бар соны санау жұмыстары. Кезінде 300 басқа дейін болған дейді ғой. Соған жақындасақ дұрыс болар еді енді.

Ел Президенті сондай-ақ Үкіметке жылқы шараушылығы инстиутын құруды тапсырды. Алдағы бес жылдың ішінде асылтұқымды жылқы үлесін 6-7% көбейту жоспарланып отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров