Қызылорда облысында балық мұздататын және консервілейтін 2 цех ашылды
Тұрғындары тек балық аулап, мал бағып күнелткен елді мекенде бүгінде түрлі бизнес идеялар жүзеге асып, шағын бизнес өркендей бастады. Кәсіпорын жұмысына жан бітті.
Ақбасты ауылында бұрын да балық өңдеу зауыты болған. Сәуелхан Смағұлов сол өндірісте 40 жыл тер төгіпті. Алайда теңіз тартылғаннан кейін 1976 жылы кәсіпорын да құлдырайды. «Содан бері ауылдың болашағына деген сенім мен үміт азая бастаған еді», – дейді көнекөздер.
Сәуелхан Смағұлов, Ақбасты ауылының тұрғыны:
- Арғы бетте Қаратерең және Бөгенде зауыт ашылды. Арғы бетте халық көп. Солай деп отыр едік. Ақбастыға келіп, зауыт ашу – үлкен батылдық және көмектің есебі. 2 жылдың ішінде осы жерде ешқандай кәсіпкер жоқ еді, қазір 20-дан аса кәсіпкер бар.
Теңіздің етегі бұл ауылдан 15 шақырым жерде жатыр. Ауылдағы 50-ге тарта балықшы жылына ондаған тонна балық аулайды. Олар бұйырған су маржанын бұрынғыдай теңіз басынан арзанға саудаламай, арнайы тазалау цехына өткізеді.
Жандос Құлманов, балық сақтау цехының директоры:
- Бұрынғыдай еме, қазіргі зауытта әкелінген балық жуылып, қапталып, қаңылтырға салынады. Ал тоңазытқышта 1 тәулік қатып тұруы тиіс. Содан соң қайтадан қапталып, 100 тонналық қоймаға сақталады.
Ата кәсіптен қол үзбеген ауылдықтар ең құнсыз деп саналатын майда шабақтарды да өңдеуді қолға алған. Әзірге балықты бұқтырып, консервілеу цехының қуаты өте көп емес. Күніге 40 құты ғана дайындалады. «Бірақ шалғай ауылдағы тың жобаның болашағы зор», – дейді мамандар.
Асқар Құлжанов, технолог:
- Негізгі мақсат – осы ауылдағы құнсыз балықты өткізу. Екінші мақсат – азғантай кәсіпкерлерімізді ұлғайтып, ауылда жұмыссыз балаларды жұмыспен қамту. Үшінші мақсат – ауылдың атын шығарып, көркейту.
Бүгінде Арал ауданында барлығы 8 балық өңдеу зауыты бар. Бұл өндіріс орындары жылына 20 мың тонна балық өңдейді. Өткен жылы Арал ауданынан 3 мың тоннадай су маржаны шетелге экспортталған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев