ШҚО-да қардың қалыңдығы екі метрге жуықтады
Кейбір таулы өңірлерде қардың қалыңдығы 2 метрге дейін жеткен. Шемонаиха, Риддер, Глубокое, Алтай, Көкпекті сынды аудандар омбы қардың құрсауында қалды.
Әсіресе шағын елді мекен тұрғындары жолға шығу былай тұрсын, аула ішін тазалап үлгермей жатыр. «Ал әкімдік тарапынан жіберілген техниканы сирек көреміз», – дейді ондағы жұрт.
Жергілікті тұрғындар: «Сәл тынықсақ,толассыз жауған қар барлығын басып қалады», – дейді. Әбден мезі болған ауылдықтар жалғыз аяқ жол салып алыпты. Ал көліктің қатынауы екіталай. Ауылдағы оқушылар көрші елді мекенде орналасқан мектепке жете алмай қалған.
Нұрлан Букужуков, Михайловка ауылының тұрғыны:
- Әркім өз тіршілігін жасайды. Әкімдік жолды анда-санда тазалайды. Ал техника жүре алмайды,сынады. Өйткені ескі.
Мұндағы жұрттың айтуынша, өңірде осындай қар жаумағалы 20 жылға жуықтапты.
Зейнеткер: «Табиғаттың мұндай мінезін көрмегелі көп болып еді», – дейді. Әкімдіктің арнайы техникасын күтіп отырмай, қиын болса да, өз қамын өзі ойлауда.
Николай Герасимов, Михайловка ауылының тұрғыны:
- Өткен жылы түскен қар қалыңдығы 40-50 см ғана болып еді. Биыл, мінеки, толассыз жауып жатыр. Күн сайын жоқ дегенде 5 сағат бойы қар тазалауға тура келеді.
Омбы қарды қолмен күреуге жалғыздап шамасы жетпегендер бір-біріне көмектесуде. Ал кейбірі маңайдағы шаруа қожалықтарының техникасын өз қаражаттарына жалдап шақыртуда. Айта кету керек,қалың қардың түсуі тасқын қаупін арттырып отыр.Сондықтан өзен жағасын бекіту жұмыстары қарқын алған.
Алексей Штыкель, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:
- Тұрғысын өзеніндегі және Бұқтырмадағы бөгеттерді бекітіп, биіктету жұмыстары ұйымдастырылды. Ал Глубокое ауданында Прапорщикова, Уварова ауылдары мен Глубкое кентіндегі өзендердің арнасы тазартылды.Жалпы өткен жылдан бері басталған тасқынның алдын алу шаралары өз ретімен атқарылып келеді.
«Қазгидромет» өкілдерінің айтуынша, алдағы күні тағы да қар жауады. Салдарынан таулы аймақта қар көшкіні жүру қаупі күшейген. Сондықтан құтқарушылар сақ болу керектігін ескертті.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин