Хабар телеарнасы

Жаңатас қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды

Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Кеше түс ауа басталған толассыз жауын салдарынан 47 үй, 1 әлеуметтік нысан мен 400 аула су астында қалды. Осыған байланысты аудандық маңызы бар Жаңатас-Саудакент жолы уақытша жабылған еді. Зардап шеккендер жоқ. Жергілікті атқарушы орган құтқарушылар мен полиция департаменті қызметкерлерінің көмегімен түні бойы су сору жұмыстарын жүргізген. Ол үшін 67 техника, 40 мотосорғы пайдаланылды. Төрт түлік пен дүние мүлікке келген залалды арнайы комиссия анықтайды. 

Арман Тоқанов, облыстық ТЖД бастығы:
-Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Мал шығыны жоқ. Зардап шеккен халықты қабылдау үшін М. Әуезов мектебінде 45 орын және орталық ауруханада 60 орын дайындалды.