Президенттік кадрлық резервке өткен жастар лауазымды қызметтерге тағайындалуда
Президент тапсырмасымен жасақталып, кадрлық резервке өткен жастарды лауазымды қызметтерге тағайындау басталып кетті. Мемлекет басшысы ғана емес, халық та жаңа буыннан жаңашылдық күтеді. Елімізді жаңғырту процесіне жанын сала атсалысады деген сенім бар.
Ең үздік 300 жастың бірі – Тілектес Адамбеков. «Болашақ» бағдарламасымен Қытай Халық Республикасындағы ең үздік оқу орнын бітірген. Назарбаев университетінде магистратурада оқыған. Қазір Халықаралық қаржы орталығында басқарушы қызметте. Инвестиция тарту бойынша тәжірибесі мол. Дегенмен ізденуден талмайды. Резервтегі кадрлардың қарым-қабілетін жетілдіру курстарына қатыспақшы.
Тілектес Адамбеков, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Маған керегі – «Public speaking skills» (Көпшілік алдында сөйлеу қабілеті). Осы тұрғыда өзімді дамытуды қалаймын. Одан бөлек макро- және микроэкономика салаларымен де жақсы танысқым келеді. Өйткені бюджеттік қаржыны санай білу – мемлекеттік қызметте ең басты қабілеттердің бірі.
Тілектес те заман талабына лайық оқуды меңгерген. Қаржы саласының қыр-сырын жақсы біледі. «Блокчейн» технологиясын зерттеп жүр. Бұл бағыттағы ұсынысын Ақордадағы кездесуде Президентке жеткізді.
Тілектес Адамбеков, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- «Блокчейн» технологиясы тек криптовалюта саласында емес, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, логистика салаларын да дамытуға септігін тигізе алады. Мысалы, ол мемлекеттік қаржы жүйесінде қадағалау мен транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік алып келеді. Соның арқасында жемқорлықты түбегейлі жоюға болады.
Бұл жасақтың құрамына енуге еліміздің барлық аймағынан үміткерлер қатысқан. Үздіктер қатарында Қарағанды облысының жастары көп. Олардың саны – 41 адам. Солардың бірі – Мейір Алпысов.
Мейір Алпысов, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі:
- Қазір тау-кен саласында жұмыс атқарамын. Өзіміздің елімізде шығуға мүмкіндігі дүниелерді шетелден әкеліп жатқанын көріп жатырмын. Осы заттарды Қазақстанда шығарса екен. Елімізде осындай өнеркәсіп ашылғанын қалаймын. Осы ойларымды жүзеге асырғым келеді.
Бүгінде Президенттік кадр резервіне өткен жастардың кейбірі іске кірісіп кетті. Алматы қаласынан зор жауапкершілік арқалаған жасаққа 46 жас өтіп еді. Солардың бірі Азамат Қалдыбеков кеше ғана Алатау ауданының, ал Бақытжан Ақжаров Түрксіб ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Бақытжан Ақжаров бұған дейін Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы қызметін атқарған.
Бақытжан Ақжаров, Алматы қаласы Түрксіб ауданының әкімі:
- Әрбір жеңімпаз Президенттік резервте болу ең алдымен мемлекеттің, халықтың зор сенімі, екінші жағынан үлкен жауапкершілік екенін түсінеді. Бізге іріктеуден өткеннен соң өз дағдыларымызды, жеке қарым-қабілетімізді, құзыретімізді, кәсібилігімізді жетілдіру, жұмыстың тиімділігін арттыру бағытында ұсынымдар берілді. Жалпы бұл жоба жастарға жол ашты, өздерінің арман-мұраттарын жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.
Сондай-ақ күні кеше резервке енген 10 маман Ұлттық экономика министрлігіне басшылық қызметтерге тағайындалды. Министр Руслан Дәленовтың айтуынша, қазір ведомство жаңа көзқарастар мен тың идеяларға мұқтаж. Сондықтан ол жастармен бетпе-бет кездесіп, ел экономикасын жақсарта түсу төңірегінде ұсыныстарын тыңдады. Олар өз кезегінде макроэкономика, мемлекеттік активтерді басқару, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тың идеяларын айтты.
Әсел Бірназарова, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры:
- Менің жобам сараптау барысында ұлттық экономиканың бір бөлігіне бағытталған еді. Ұлттық экономика саласында жұмыс істеуді қалағанмын. Соған қолым жетті.
Осылайша жыл соңына дейін резервтегі 100 кадр ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдарға қызметке тағайындалады. Міне, жаңа қоғамдағы жаңа формацияның жаңа буыны іске кірісті. Қазақстанның ендігі өрлеу траекториясы осы жастардың бағыт-бағдарына, білім-білігіне байланысты.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Риат Шони, Мақпал Мадиярова, Айдос Меделбеков