Алматыда жазушы Сәбит Досановтың шығармашылық кеші өтті
Алматыда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерейтой иесінің шығармашылық кеші өтті.
Қазақ әдебиетіне «Қыран қалғымайды», «Тұйық», «Ақ аруана» сынды романдар мен әңгімелерді тарту еткен жазушының шығармалары театрларда сахналанып келеді. «Қоғамдағы өзекті тақырыптарды шығармашылығына арқау еткен жазушынының жазу мәнері де ерекше», – дейді әріптестері.
Қаламгердің шығармашылық кеші Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатымен ашылды. Сондай-ақ мерейтой иесіне алыс-жақын елдердің мемлекет басшылары да өз лебіздерін жолдапты. Ал Қырғызстан, Өзбекстан, Франция және Түркия елдерінен арнайы делегация келді. Қонақтар: «Сәбит Досанов – халықаралық деңгейдегі рухани көпір», – дейді.
Эльхан Зал Қарахан, жазушы, ақын /Әзербайжан/:
- Мен Сәбит Досановтың екі шығармасын әзербайжан тіліне аудардым. 1000 тиражбен жарық көрген шығармалар лезде тарап кетті. Себебі оның шығармалары арқылы қазақ халқының болмысын, жан-дүниесін, толғанысын, мәдениеті мен дәстүрін айқын көруге болады. Сондай-ақ ол – өткен мен қазіргі кезеңді ұтымды үйлестіре білетін жазушы.
Торғай жерінде дүниеге келген жазушының тырнақалды туындысы небәрі 8 жасында жарық көрген. «Тіпті бала Сәбиттің шығармасы 20 жылдай мектеп бағдарламасынан түспей келді», – дейді замандастары. Қазақ әдебиетіне «Қыран қалғымайды», «Тұйық», «Ақ аруана» сынды романдар мен әңгімелерді тарту еткен жазушының шығармалары театрларда сахналанып келеді. Әріптестері: «Қоғамдағы өзекті тақырыптарды шығармашылығына арқау еткен жазушынының жазу мәнері де ерекше», – деп пікір білдіреді.
Софы Сматаев, жазушы, драматург:
- Оның ерекшелігі – әмбебаптығында. Ол – әрі прозаик, әрі драматург, әрі ақын. Ол қазақ әдебиетінің барлық жанрында жазады. Бірақ оның негізгі жанры – проза. Ол прозадан ешкімнен қалып көрген жоқ, ешкімге өз бәйгесін беріп көрген жоқ. Сондықтан да Сәбиттің прозасы басқа екі жанрдан гөрі салмақты, ауқымды, құдыретті.
Бүгінде Сәбит Досанов шығармалары 40 томға жетіп қалыпты. «Дей алмаймын дара туған данамын, ел алдында аласамын, баламын» деп отырған қаламгер әлі де жазарым бар», – дейді.
Сәбит Досанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:
- Мен «ХХ ғасыр» деген эпопея жаздым. Сол үшін мемлекеттік сыйлық алдым. Онда 120 жылдың тарихын жазып бердім. Ендігі менің арманым – ХХІ ғасырда эпопея жазу. Оны әлі бастаған жоқпын. Осы той өткеннен кейін сол эпопеяға кірісемін.
Шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылған жазушының дәл осындай мерейтойы ТМД-ның бірқатар елінде атап өту жоспарланған.
Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай