Елордада Абайдың 175 жылдық мерейтойы ресми түрде ашылды
Ол халық даналығының барша жақсы қасиеттерін бойына сіңіре отырып, ұлттық поэзияны, өнерді, қоғамдық ойды байытқан дара, дана тұлға.
Иә, Абайдың асыл сөздерінен артық құндылық жоқ. Абай адамзатқа ортақ. Ұлы ақынның шығармалары әлемнің 30-дан аса тіліне аударылды.
Ұлы ойшылдың еңбектері күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпай, баршамызға рухани азық болып отырғанын ерекше атап өту керек.
Елорда төрінде өткен салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертте Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы бастаған қазақ ән өнерінің дүлдүлдері ақынның музыкалық туындыларын орындады. Ұлы ойшылдың мерейтойы аясында биыл 500 ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын 10 тілге аударып, басып шығару.
Абай – қазақтың бағына біткен тұлға. Осыдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын атап өткен едік. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың мамыр айында қол қойған. Арнайы комиссия құрылды, жоспар түзілді, ақша бөлінді. Ұлы ақынды ұлықтауға біз енді дайынбыз!
Абай туралы аз айтылған жоқ, бірақ оның тұлғасын әлі толық танып үлгерген де жоқпыз. Бұл оның тым тереңдігін аңғартса керек. Ол ең алдымен ұлтын шексіз сүюдің қалай болатындығын көрсетті. Сынады, мінеді. Сол арқылы қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін, ізденгенін қалады. «Ғылым таппай, мақтанба» – әлі күнге өзекті. Білектің емес, білімнің заманы екенін біз қазір де айтып жүрміз. Бір бұл ғана емес. Біз қазір «ұлттық идея» деп айтып жүрген көп ойлардың бастауы осы Абайдан алынғанын аңғарасыз. Сондықтан Абайды терең тануға ден қою қажет.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын:
- Абайды таныту бір жылдың жұмысы емес, әрине. Абайды біз толық танып та үлгерген жоқпыз.
«Көзімнің қарасы» – Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі. Абайдың кей өлеңдерін жатқа білмейтін қазақ кездескенімен, «Көзімнің қарасын» әнін білмейтін қазақ жоқ. Бүгін де шырқалды. Орындаған – Әлібек Дінішев.
Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі:
- Мен – тенормын. Ал тенорлар әдетте махаббат туралы ән айтады. Мен Абайдың шығармашылығынан осы махаббатты таптым. Көзіне көз тоймайтын қазақ әйелінің сұлулығына тамсандым. Тек қана нәзік жандыға емес, әр сахнаға шыққан сайын Отанға, анаға, туған жерге деген махабат кеудемді кернейді.
Ол Абайдың образын 30 жасында сахнаға алғаш алып шықты. 60-ты алқымдаса да, Абайдан ажыраған жоқ. «Абайды қалай сомдау қажет?» деген сұраққа: «Теңіздің түбіндегі маржан тергендей», – деп тосылмастан жауап берді Болат Әбілманов.
Абай мерейтойы аясында 560 іс-шара өтеді. Соның 24-і – халықаралық, 21-і – республикалық, қалған 515-і облыс деңгейінде атқарылады.
Даниал Ахметов, ШҚО әкімі:
- Англияда үлкен көрме өткіземіз. Абайдың жұмысын археологиялық жұмыстарды апарамыз.
Абайдың өзі қолданған заттары мұражайда сақтаулы тұр. Биылғы мерейтой аясында көшпелі көрме өткізіп, көпке көрсету міндеті тұр.
Жандос Әубәкір, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры:
- Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Жидебай өңірі абаттандырылып, музей жаңа қалыпқа енсе, үлкен жетістік болар еді. Ал ақын шығармаларының 10 тілге аударылуы – құптарлық дүние.
Асхат Маемиров, театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- 30-ға жуық режиссер мен хореограф бір ай бойы ұйқысыз түндер өткізді. Абайда 160-қа жуық өлеңі бар, 70-ке жуық аударма өлеңдері, поэмалары және әндері бар. Сіздер көрген 1 сағат 10 минутке біз Абай тұлғасын сыйдыра білдік.
«Үш ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Абайдың ақылын алса, айтқанын істесе, қазақ қана емес, адамзат адаспайтын Темірқазығын табады. Осы мерейтой аясында Абай биыл араб, жапон, испан, қытай, неміс, француз тілдерінде сөйлейді. Осылайша Абайды әлем таниды. Демек қазақты да тани түседі. Бүгін басталған торқалы тойдың өзегі де, өзгешелігі де осы: тойлату емес, ойланту. Сөйтіп Абайдың алып әлемін мойындату.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков