400-ден астам көлік қар астынан шығарылды
«Олардың барлығы дерлік қазір ақ ұлпаның құрсауынан шығарылды», – дейді құтқарушылар. Арасында тіпті медициналық жедел жәрдем көліктері де болған. Ал бұл жұмысқа төтенше жағдайлар қызметінің мамандарынан бөлек, полицейлер, Көкшетау техникалық институтының курсанттары, волонтерлер мен жергілікті халық та атсалысыпты. Көміліп қалған көліктердің көбі Ерейментау және Целиноград аудандарының аумағында кездескен. Оларда кей жерлерде қардың қалыңдығы тіпті 3 метрге дейін жеткен. Абырой болғанда барлығы дерлік қар астынан шығарылды. Енді аймақта жаппай жолдарды қардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Алексей Советов, облыстық ТЖД бастығы:
- Мен осы тұста бізге көмектескен волонтерлер мен ауыл тұрғындарына арнайы алғыс айтқым келеді. Олар көліктерді шығаруға ғана емес, құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге де қол ұшын созды. Енді далада 9 көлік қана қалды. Олар Ерейментау мен Целиноград аудандарының аумағында орналасқан. Ол техникаларды да қар құрсауынан алып шығамыз.