Ақмола облысында 7 мәдениет ошағы салынып жатыр
Ақмола облысында биыл 7 мәдениет ошағы салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 4,5 млрд теңге бөлінді. Олар қаладан шалғай орналасқан ауылдарда бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, ескірген мәденит нысандары жөнделеді.
Приречное ауылындағы мәдениет үйі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. «Ескі ғимарат қыста суық болатын», – дейді ауыл тұрғындары. Сол себепті биыл нысанның сырты қапталып, жылу жүйесі толық ауыстырылды. Оған жергілікті қазынадан 30 миллионға жуық теңге бөлінді. Ал құрылыс жұмыстары бірер күнде аяқталады.
Лидия Шмидт, ауыл тұрғыны:
-Мәдениет үйі өте ескі, іші қараңғы болатын. Жөндеу жұмыстарынан кейін әрине жаңарып, жақсы болып қалды. Өте қуаныштымыз. Балаларым осы мәдениет ошағындағы түрлі үйірмелерге қатысып, мерекелік кештерде өнер көрсетеді.
Мәдениет ошағының ауылды жерде орналасқаны болмаса, ішіндегі тіршілігі қаладағыдан кем емес. Яғни өнер ордасында көптеген шығармашылық ұжымдар мен үйірмелер жұмыс істейді.
Аслан Есенгелдин, мәдениет үйінің меңгерушісі:
-Қазір бізде шамамен алты үйірме бар. Оған балалармен қатар, егде жастағы ауыл тұрғындары да қатысады. Қазір ән үйірмесіне сұраныс жоғары. Алдағы уақытта би үйірмесін де ашу жоспар да бар.
Қазір аймақта 15 шақты мәдениет нысаны жөндеуді қажет етеді. Оларды алдағы жылдары жаңарту көзделіп отыр.
Айгүл Сәбитова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:
-2025 жылы 74 жобаға ұсыныс беріп жатырмыз. Негізі 22,5 млрд теңгеге. Оның ішінде құрылысы да бар, жөндеуі де бар және күрделі жұмыстар.
Жалпы 2027 жылғы дейін аймақта 16 мәдениет үйі саланады және ондаған нысан жөнделмек.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко