Елдің үш бірдей өңірінде сел жүру қаупі жарияланды

  • 37
  • 03.07.2026, 19:36

Мамандардың айтуынша, бұған нөсер жауын мен аптап ыстық себеп болып отыр. Мұндай ауа райы таулы өзендердегі су деңгейінің көтерілуіне әкелуі мүмкін. Қауіпті аймақтарға Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстары кіреді. Алматы қаласында да гидрологиялық жағдай тұрақты емес. Құтқарушылар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.  

Алматы қаласы Төтенше тжағдайлар департаментінің жедел штабы Наурызбай ауданындағы «Таусамалы» шағын ауданында орналасқан. Іргесінде Ақсай өзені ағып жатыр. Қазір экскаватормен өзен арнасын кеңейтіп, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізіліп жатыр.

«Қазселденқорғау» мекемесінің мәліметінше, Ақсай өзеніндегі су көлемі секундына шамамен 4 текше метрге түсті. Осыдан екі күн бұрын бұл көрсеткіш 2 есе артық болған. Десе де, құтқарушылар қауіптің толық сейілмегенін айтып отыр. Сондықтан таулы өзендердегі ахуалды тәулік бойы бақылауда ұстап, аса қауіпті учаскелерді үздіксіз қадағалау қажет. 

Данияр Жүсіпов, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:

- Қазіргі кезде  Кіші Алматы, Үлкен Алматы және Қарғалы өзендеріне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде. Ауа райы жаңбырлы болғандықтан, Алматы өзендеріндегі су көлемі артты. Жауын-шашын тоқтағаннан кейін алдағы жұмыстардың көлемі нақтыланады. Қауіп толық сейілгенге дейін барлық қажетті жұмыстар жалғасады.

Осындай жұмыстар Алматы облысында да жүріп жатыр. Ол жерде өзен жағалауын бекітіп, арнасын кеңейтіп,  тереңдетіп, су өткізу қабілетін арттыру шаралары қолға алынған. Құтқарушылардың мәліметінше, өңірдегі жағдай тұрақты, ешқандай төтенше оқиға тіркелген жоқ.

Бағдат Шәріпбеков, Қарайсай аудандық ТЖД бөлім бастығы:

- Жауын-шашын басталғанға дейін су басу қаупі бар учакелерді Төтенше жағдайлар департаменті «Қазселденқорғау», «Барыс» републикалық жедел құтқару қызметі, 28237 әскери бөлімінің әкімдік мердігерлер ұйымдарымен су сору техникасы жабдықталған күштерімен, құралдарымен алдын ала орналастырылды. Бұл гидрологиялық жағдайдың кез келген өзгерістеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта гидрологиядық жағдай тұрақты. Халықты эвакуциялау қажеттілігі туындаған жоқ

Өңірде ауа райы қолайсыз болғанымен жағдай тұрақты. Құтқарушылар тәулік бойы кезекшілікке қойылған. Жедел әрекет ету үшін 100-ден астам маман мен 30-дан артық техника бірлігі жұмылдырылды. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев