Енді елордада әлеуметтік салалардағы мәселені шешуде жасанды интеллект қолданылады. Ол үшін Astana Hub 30-ға жуық стартап дайындаған. Егер қала әкімдігі құптаса, онда жобалар пилоттық режимде іске асады.
Бұл туралы «Astana Innovations Accelerator 2026» бағдарламасының ашылуында айтылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары - Жасанды интеллект министрі және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Аталған бағдарлама мегаполистегі қауіпсіздік, көлік, білім беру мен денсаулық сақтау және экология секілді салалардағы түйінді тарқатуға бағытталған.
Әшімбек Әбілғазинов, Astana Hub бизнес бағдарламалар кеңсесінің басшысы:
- Бүгінде бұл бағдарламаға қатысу үшін 28 стартап іріктелді. Олардың қатарында медицина, өрт қауіпсіздігі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобалар бар. Осы бастамалардың барлығы жан-жақты шешімдер ұсына отырып, пилоттық жоба ретінде іске асырылады.
Айбек Ахметбеков, қалалық ситуациялық орталықтың басқарушы директоры:
- Астана қаласына қатысты техникалық міндеттерді жинақтаймыз. Кейін оны Астана хабтағы IT-мамандарға береміз. Олар мәселені цифрлық шешімдердің көмегімен шешу бойынша жұмыс жасайды, арнайы стартап қарастырады.