Жем-шөп сатып алуға 25 млн 500 мың теңге бөлінді
Өйткені қыстың күні жабайы аңдардың табиғи азығы азайып, жайылымы тарылды. Сол себепті Жетісу жеріндегі табиғат қорғау мекемелері мен аңшылық шаруашылықтары биыл бұл мақсатқа 25 млн теңгеден астам қаржы бөлді. Оған 70 тонна жем-шөп пен 20 тонна тұз сатып алынған. «Өңірімізге қар қалың түскендіктен, жабайы аң-құстарды қоректендіру шаралары ақпан айының ортасына дейін жалғасады», – дейді мамандар.
Ильгам Кылышбаев, ауданаралық аңшылар мен балықшылар қауымдастығының қызметкері:
- Құстарға қаңтар, ақпан айларында жем шашамыз. Енді мұнда екі аптадан кейін келіп, жабайы қырғауылдарды жемдейміз. Қырғауыл өте көп жиналады. Мұндай орындардың әрқайсысын JPS құрылғысы арқылы тауып келеміз. Жемді жыңғыл мен қалың қамыстың арасына шашпасақ, сауысқан, қарғалар жеп кетеді.
Нұрқуат Қонысбаев, облыстық орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:
- 728 науа, астау, ақырлар дайындалып, 539 қоректендіру алаңшасы, 1738 тұз себу алаңы, 7 мұнара және 308-ден астам басқа да қоректендіру құрылғылары дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, инспекция мамандарының тарапынан бақылауға алынған.