Президенттік кадр резерві: Шымкенттік азаматтар басшылық лауазымға тағайындалды
Сергей Компаниец Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы болса, Олжас Шынтаев оның орынбасары қызметіне кірісті. «Бірнеше тың жобаны жүзеге асырамыз», – дейді кадрлық резервтен қызметке қадам басқандар.
Сергей Компаниецке бұл сала таңсық емес. Ол осыған дейін қаланың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында еңбек еткен. Білікті менеджердің ауқымды жоспарлары да жетерлік. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған.
Сергей Компаниец, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Мен кадр резервінде бағымды сынап көрейін деп шештім. Бұл – үлкен мүмкіндік. Мемлекетімізге жаңашылдық алып келу әрбір жастың арманы деп білемін. Біз Президенттің сенім артқан кәсіби мамандарына айналуымыз керек. Кәсіпкерлік саласын басқаруым да кездейсоқтық емес. Жаныма жақын десем болады.
Сергей басқарма жұмысын заманауи ақпараттық жүйеге көшіруді көздейді. Оның айтуынша, бұл кәсіп ашамын деген азаматтарға оңтайлы болар еді. Қағаз тасып әуреге түспейді. «Бір терезе» қағидатын жолға қою – заман талабы. Ал оның орынбасары Олжас Шынтаев – туризм саласын дамытуға атсалысқандардың бірі. 29 жастағы азамат Президенттік жастар кадр резервіне дейін Түркістан облысындағы бірнеше басқармада қызмет еткен. Олжастың ендігі арманы – ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңі мен жаңару үдерісіне сүбелі үлес қосу.
Олжас Шынтаев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Өзім осы қалада туып өстім. Осындағы барлық қисыны бар сұрақты көп білемін. Өңірге қаламызға инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, оның ішінде жастар, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту сияқты мәселе бойынша нақты жоспарларымыз бар. Басшылықпен бірге бұл мәселелерді жақын арада келісіп, жобаларды жүзеге асырамыз деп ойлаймын.
Қазір Сергей мен Олжас бірлесіп еңбек етіп жатыр. Жалынды жастардың мақсаты – Қазақстанды жаңа белеске көтеру.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Бекмұратов