Депутаттар кальянды темекіге теңестіруді ұсынып отыр
Тіпті жастар жағы оны белсенді қолданатын көрінеді.
Ал мамандар оның адам ағзасына аса қауіпті екенін айтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қорқор құрамындағы улы заттар өкпе қатерлі ісігін, жүрек аурулары мен өзге дерттерді тудырып қана қоймай, жеделдетеді екен.
Енді қорқорға Грузиядағыдай темекіге теңестіріп ереже бекіту жоспарланып жатыр екен.
Әбдулхамит Бөлекбаев кальян шегуден алатын әсерін айтып отыр. Қорқор демдеумен айналысқанына біраз жыл болған. «Өзі істейтін дәмханада бір күнде 50 тапсырыс аламын», – дейді.
Әбдулхамит Бөлекбаев, кальян әзірлеуші:
- Кейде тіпті жасөспірімдер сұрайды. Қалауы бойынша жасап береміз. Шынымды айтсам, сенбі, жексенбі ғана емес, күнделікті кальян шегетіндер жетіп артылады.
Әбдулхамит қорқорды темекі шегудің экзотикалық түріне балады. Темекінің зияны белгілі. Ал шығыс елдері «нәргіле» дейтін кальянның кесірін көп жас біле бермейтін секілді. Қазір қоғамда кальянға жас та, жасамыс та әуес.
Қалың түтінге көміліп, қорқорға құмартып жүргендердің көбі оны ермек көреді. Елімізде тек кальян тарту үшін арнайы ашылған 5 мың дәмхана тіркелген. 15 жасқа дейінгі оқушылардың 19% кальян шегіп жүр.
Мынадай түтікше арқылы шегетін кальян құрамындағы қоспаларда никотин мен шайырдың бар-жоғы белгісіз. Себебі құрамы еш жерде көрсетілмеген. Ғалымдардың байламы бойынша кальяннан келетін зиян 100 тал темекі шеккенмен тең. Жалпы алғаш қорқор Үндістанда пайда болып, содан кейін бүкіл мұсылман еліне тез тараған деседі.
Британдық дәрігерлер залалын 3 қорап темекі шеккенмен теңесе, «Салауатты өмір салты» орталығының мамандары: «Жұқпалы аурулар да осы кальян арқылы таралуы мүмкін», – дейді. Олар елорда дәмханаларынан кальян құралдарын алып зертханада тексерді. Түтікшелерден ішек инфекциясы өзге де жұқпалы бактериялар табылған.
Көкенай Тәшенова, «Салауатты өмір салты» орталығының дәрігері:
- Түтікше арқылы никотин бәрібір ағзаға түседі. Кальян шеккенде күш салып дем алады.Терең-терең дем алғанда улы газ өкпенің жоғарғы бөлігіне ғана емес ,төменгі бөлігіне де барады. Қарапайым мысалмен айтқанда, үй жағдайында пештен шыққан газдан уланып, көз жұмып кеткен адамдар бар. Сол тәрізді кальян шеккенде де улы газ жұтады.
Кальян қоспасының құрамында «бензопирен» деген де улы зат бар. «Ол тіпті адамның геніне кері әсер етіп, қатерлі ісікке әкеледі», – дейді мамандар. Денсаулық сақтау министрлігі былтыр қорқор тартуға мүлде тыйым салуды ұсынып еді. Бірақ кейін райынан қайтып, желдеткіштері бар орындарға рұқсат берді.
Азамат Садықов, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті басқармасының бөлім бастығы:
- Осындай заңбұзушылықтарды анықтау барысында тұтынатын орындар анықталған. Негізі кальян бойынша жеке жұмыс атқарылған жоқ. Айыппұл жеке кәсіпкерлерге 10 АЕК, ал жеке тұлғаларға 3 АЕК көлемінде тартылады.
Кальянды құшырлана шегетіндер «өз еркім» десе, оған әуестігі жоқтар шара қолдануды сұрап отыр.
Кальянға қатысты әзірге нақты бір шешім жоқ. Себебі қазір ұлт саулығы туралы арнайы заң парламент қабырғасында қаралуда.
Юрий Тимощенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кальянды темекіге теңестіру керек. Мәселен, қоғамдық орындарда, рұқсат етілмеген жерлерде шылым шеккені үшін айыппұл қарастырылған. Сол сияқты шара қолданылуы керек. Дәмханалар кальян шегетіндерге бөлек бөлме ашсын.
Францияда 2007 жылдан бастап, Эстония мен Финляндияда 2008 жылдан тыйым салынған. Бельгия, Литва, Испания, Түркияда да қорқорға шектеу бар. Ал шариғатта: «Кез келген мас қылатын заттың бір тамшысы да харам», – делінген. «Құрдымға кетіретін қорқорды шектеу біздің елде де заңға енеді», – дейді депутаттар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Әділғазы Төлеміс