Хабар телеарнасы

Депутаттар өңірлерді аралап жүр

Тараз қаласында 11 көпқабатты үйдің сыртын қаптап, сырлау жұмыстары қолға алынған. Әрі шатыры ауыстырылады. Өңірге барған сенаторлар шаһардың сәулеттік келбетін бірыңғай типке келтіру жобасымен танысты. Сондай-ақ жылу желілерін жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазір ұзындығы 6 шақырым құбырдың 4,6 километрі ауыстырылып жатыр. Ол үшін бюджеттен 7,1 миллиард теңге бөлінген.

Ал Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында жүзден астам үй салынып жатыр. Олар қарғын судан зардап шеккен жандарға беріледі. Басым көпшілігі Подстёпное ауылында бой көтеріп жатыр. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев тұрғындармен кездесіп, құрылыс барысымен танысты. Мердігер ұйым басшылығы: «Қыс басталмай тұрып халық қоныс тойын тойлайды»,- деп уәде беріп отыр.

Ақтөбеде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заң кеңінен насихатталды. Сондай-ақ алимент өндіре алмай жүрген жалғызбасты аналардың мәселесі, лудомания басты назарда. Мұны Мәжіліс депутаттары белсенді әйелдер қауымымен кездесуінде айтты. Сонымен қатар қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлін арттыру, саяси мәселелерге белсене араласуын қамтамасыз ету жайы сөз болды.

Алматы облысында 26 жайлы мектеп салынып жатыр. Мәжіліс депутаттары Қаскелең қаласындағы 1500 орынға шақталған білім ошағының құрылысымен және жиҺаз шығарумен айналысатын кәсіпорынның жұмысымен танысты. Мектеп жиһаздары мен ондағы құрал-жабдықтар қауіпсіздік талаптарына сай болуы шарт. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысында 53 білім ошағын салу жоспарланған. Өңірде 26 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді.