Хабар телеарнасы

Шымкентте бес бірдей өрт сөндіру бекеті салынады

Биыл Шымкентте бес бірдей өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталады. Түркістан облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер ерекше күтімді қажет етеді. Ал жетісулықтар мемлекеттік тапсырыс беру және сатып алу кезінде жергілікті өнім өндірушілерге айқын басымдық берілуі керек,-дейді. Өңірлерді аралап жүрген мәжіліс депутаттарына жұртшылық ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Биыл Шымкентте бес бірдей өрт сөндіру бекеті салынады. Ол үшін Елтай, Жаңаталап, Таскен тұрғын алаптары мен Сәуле, Бозарық шағынаудандарынан жер телімі бөлініп қойған. Модульді бекеттер жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс.

Парламент Мәжілісінің депутаты Ажар Сағындықовамен кездескен қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы ескі өрт сөндіру бөлімдерін күрделі жөндеуден өткізу керектігін айтты. Сонымен қатар техникаларды жаңартып, толықтыру қажеттігін жеткізді.

Ажар Сағандықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Азаматтық қорғау саласына қатысты жаңа заңдар қабылданып жатыр. Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше бекет салынды. Алайда өңірдегі әрбір бастамалар жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан қаржыландырылады. Осы ретте салалық министрлік те материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, оны толықтыруға қолдау көрсетеді деп сенемін.

Ал Түркістан облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді ерекше күтімге алу керек. Парламент Мәжілісінің депутаты Қазбек Исамен кездескен зиялы қауым осы мәселені көтерді. Одан бөлек, мемлекеттік тіл мәртебесі, жемқорлық жайы сөз болды. Жұртшылық соңғы кезде жиі айтылып жүрген айыппұл туралы ұсыныстарын ортаға салды. Депутат жиында көтерілген мәселелерді құзырлы органдарға жеткізіп, өз тарапынан бақылауға алатынын айтты.

Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұнда қасиетті Әзірет Сұлтаннан бастап 400-ге жуық тарихи ескерткіштер жатыр. Олардың бәрін күтіп ұстау, болашаққа аманаттау үшін ерекше мәрте беру керек болды. Сондықтан да жергілікті билікке біз 34 түрлі құзырет бердік. Енді бұл жерде кез келген құрылыс болсын, сәулет ескерткіші болсын, оның барлығы да осы заңға байланысты өзіміздің ұлттық нақышта жасалады.

Мемлекеттік тапсырыс беру және сатып алу кезінде жергілікті өнім өндірушілерге айқын басымдық берілуі керек. Бұл мәселе заңдық тұрғыда бекітілсе, аймақтарда өндіріс өркендейді. Тұрақты жұмыс орындары көбейіп, еңбекпен қамтылғандар саны артады.

Жетісу облысында жүрген Мәжіліс депутаттары Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаевқа кәсіпкерлер осылай деп базынасын жеткізді.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз енді нарықтық экономика байқау арқылы жасау керек деген ереже енгіздік. Бұл енді жиырма жылда өзін-өзі ақтамады. Өйткені бәрі арзан, сапасыз бағаға жүгіріп кетті. Сондықтан өңір болған соң өңірдің өз  саясаты болу керек. Біз де облыстық әкімдікпен, кәсіпкерлік басқармасымен, Атамекенмен қолдау шараларын ойластырып көреміз.

Сондай-ақ тұрғындар депутаттарға шетелден тасымалданатын тауарлар ішкі нарықтағы жағдайды күрделендіріп тұрғанын жеткізді. Мәселен, қазір азық-түлік өнімдері мен қант зауыттары, кірпіш құятын кәсіпорындардың тауарына сұраныс азайған. Себебі тендерді жеңіп алған компаниялар құрылыс заттарын сырттан тасымалдайтынын атап өтті.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш