1 немесе 3 баласы бар отбасыларға да жәрдемақы берілуі мүмкін
Бұл мәселені бүгін Мәжілісте аймақтардағы халықтың шешілмей жүрген күрделі сұрақтарын жинақтаған депутаттар көтерді. Үкімет өкілдері бұл бастаманы жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Қазір елде 372 мың көпбалалы отбасы бар. Ал оның 125 мыңы аз қамтылған. Үкімет өкілдерінің айтуынша, бұлардың барлығына да мемлекет тарапынан жәрдемақы төленіп отыр. Енді жанұясында 1 немесе 3 баласы бар отбасылар да көмек сұрап отыр. «Аталған мәселені шешу қаржылық мүмкіндіктерге де байланысты», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Бір, екі, үш балалы аз қамтылған жанұялардың саны – 190 мың. Ал Қазақстан бойынша табыссыз алатын болсақ, 2 млн 904 жанұя. 1, 2, 3 баласы бар жанұялар 15 есе көп. Сондықтан бұл мәселе 15 есе артық қаражатты талап етеді. Екіншіден, жағдайы жақсы кісілерге де осы жәрдемақыны төлеу керек пе, жоқ па, ол да үлкен сұрақ. Сондықтан біз әлі қазір ешқандай шешімге келген жоқпыз. Бірақ қарап жатырмыз.