Теміртауда қар түсінің өзгеруіне байланысты арнайы зерттеу комиссиясы құрылды
Жергілікті тұрғындар мұндай құбылыстың еліміздегі ең ірі металлургиялық компанияның кесірінен болғанын айтып, дабыл қағуда. «Өйткені қаладағы зиянды қалдықтардың 77% «АрселорМитталТеміртау» компаниясына тиесілі», – дейді олар. Теміртаудың қара қары туралы әңгіме алғаш рет осыдан 2 жыл бұрын қозғалған болатын. Осылайша 2018 жылы алынған сынама қорытындысы зиянды қалдықтардың ауаға шамадан тыс таралғанын анықтап берген еді. Бірақ сарапшылар бұл құбылысқа қай кәсіпорынның кінәлі екенін дөп басып айтып бере алмады. Іле-шала қаланы экологиялық тұрғыдан сауықтыру жұмыстары қолға алынды. «Бірақ оны жүзеге асыру үшін біршама уақыт керек. Бұған климаттық жағдай мен жел бағытының өзгеруі де кері әсер етіп отыр», – дейді оқиға орнында жұмыс істеп жатқан арнайы комисия мүшелері.
Екатерина Оборина, эколог:
- Бүгін мамандар Теміртауға барып, сынама алып қайтты. Бірнеше күннен кейін қорытындысы белгілі болады. Қар құрамында қандай зиянды заттардың бар екені және қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорын да сол кезде анықталады деген сенімдеміз.