Орал қаласында мүгедектердің күтушілері 3 ай бойы жалақыларын ала алмай отыр
Көмекшілер өз міндеттеріне аса ыждаһаттылықпен қарайтын болады. Қалалық жұмыспен қамту бөлімі: «Қажетті бюджет қаржысы «Орал» корпоративтік қорына толық аударылды», – десе, соңғысы бөлінген ақшаның аз болғанын айтып ақталады.
Қажиденовтар отбасында 3 зағип жан бар. Үлкені – 86-ға келген Миуа апай. Ұзақ жыл ұстаз болған кейуананың қартайғанда жарық сәулені бір көруі мұң болыпты.
Миуа Қажиденова, Орал қаласының тұрғыны:
- Жаз болса, шығар едім. Қыста шыға алмаймын. Үйде отырамын, өйткені дала тайғақ. Сонымен күн өтіп жатыр.
Бүгінде бір үйлі жанды әжейдің жиен немересі Әйгерім бағып отыр. Зағип жандардың ас-суын қамдап, кір-қоңын жууға бар уақыты кететіндіктен, жұмысқа да шықпапты. Мүгедектің көмекшісі ретінде азын-аулақ ақша алатын еді. Қараша айынан бастап ол да тоқтаған.
Әйгерім Двашева, мүгедектің жеке көмекшісі:
- «Ертең келіңіз», «бір жұмадан кейін келіңіз деп қайтарады. Барғанмен, жалақымызды бермейді. Жалақы алмағанымызға 3 ай болды. Осы уақыттағы алатын жалақымыз 100 мың теңгеден асып кетеді.
Адал айлығын ала алмай, табанынан таусылып жүрген жалғыз Әйгерім емес. Қалада 700-ден астам мүгедектің көмекшілері, қасында еріп жүрушілері болса, бұл – соның бәріне ортақ проблема. Қамкөңіл жандар тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырудан шаршағандарын айтады.
Дат Қапаев, І топтағы мүгедек:
- Қаржы министрінің №677 бұйрығында үздіксіз қамтамасыз ету деген бөлім бар. Жеке көмекші бір күнде 8 сағаттан кем жұмыс жасамауға және ақшасын алуға тиісті. Бірақ ол беріліп жатқан жоқ. Бармаған жеріміз жоқ, баспаған тауымыз жоқ. 750 мүгедектің әрқайсысының көмекшісі 2 ай бойы ақша алмай отыр. Кейбіреулерінің үйінде тамақ та жоқ.
Ал қалалық Жұмыспен қамту бөлімі қызметкерлерінің айтуынша, мүгедектердің күтушілерінің жалақысы байқауда анықталған мердігер-мекеме арқылы төленеді. Бөлім мен көмекшілер арасында тікелей келісім жасалмайды. Өткен жылдың соңғы 3 айында бұл мақсатқа «Орал» корпоративтік қорына 56 млн теңге бөлініпті. Қазынадан қаралған қаржының жетпей қалуына еңбек сағаттарының артық қойылуы себеп болған сыңайлы.
Ерлан Ғалиев, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі:
- Мәселенің бәрі еңбектену сағатының есептелуінен туындап отыр. Бұл жерде нақты неше сағат жұмыс істейтіндігі көрсетілмеген. Бірақ ережеде «8 сағатқа дейін» деп көрсетілген.
«Орал» корпоративтік қорының президенті Мұрат Қадырбеков қалыптасқан жағдайға өздерін кінәліміз деп санамайды. Олар: «Мүгедектердің көмекшілеріне бюджеттен мүлде аз қаржы қаралып отыр», – дейді.
Мұрат Қадырбеков, «Орал» корпоративтік қорының президенті:
- 3 айға 56 млн тг кімге жетеді? Бір айға 35 млн тг керек. Біздің есеп бойынша үш айға 135 млн беру керек. Біз 8 сағаттық жұмыс үшін есептесек, онда заң бойынша ақша жетпейді.
Бірнеше ай тапқан табысын ала алмаған соң, көмекшілердің өз міндеттеріне салғырт қарары сөзсіз. Бұл өз кезегінде мүгедектердің өмір сүру сапасына әсер етері анық. Сол себепті мүмкіндігі шектеулі жандар да түйінді мәселенің таяу уақытта оң шешілгенін қалайды.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов