Чех жазушысы Абайдың қарасөздерін туған тіліне аударып жатыр
Владислав Кучик ұзақ уақыт Қазақстан мен қазақ әдебиетін зерттеп келеді. Айтуынша, алғаш рет кемеңгер ақынымыз туралы Прагада оқитын қазақ студенттерінен естіпті. Бірақ Абай шығармашылығымен жақынырақ танысқысы келгенде чех тіліндегі туындыларын таба алмаған. Осыған байланысты өлеңдері мен қарасөздерін туған тіліне аударып, кең жұртшылыққа таныстыру ойы келді. Владислав Кучик өз қарасөздерден бастауды ұйғарды. Абайдың қағидалары жерлестеріне де өте қызық болар деп санайды. Жазушы бұл аудармасын тамыз айында аяқтауды көздеп отыр. Ал күзде Қазақстан елшілігінің қолдауымен бұл кітаптың ресми тұсаукесері өтеді.
Владислав Кучик, жазушы:
- Абайдың чех тіліндегі туындыларын іздеп, антиквар дүкенінде 1969 жылы шыққан жалғыз кітапты таптым. Оның шығармашылығы мені шынымен қызықтырады. Абай ХІХ ғасырда достық, адамгершілік пен адам баласына тән жаман қылықтар туралы жазған. Қанша уақыт өтсе де, бұл қағидалары мен ақылдары әлі күнге дейін өзекті.