Ақтөбеде жүздеген адам апатты баспанада тұрып жатыр
Бірақ бұл жаңа емес, ескі үй. Дені өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған бұл құрылыс күн өткен сайын қауіп төндіруде. Алайда арнайы комиссия «Тек 17 көппәтерлі ғимаратты паналауға қауіпті» деген ұйғарымға келген, яғни бұл үйлер кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін.
Жергілікті билік: «Жұртты жаппай көшіруге қауқарсызбыз», – дейді.
Гүлнар Ысқақова бұл үйде 1976-жылдан бері тұрады. Жатақхана есебінде салынған баспананың құжатында «Іргетасы 1938 жылы қаланған» деп жазылған. Алайда ғимараттың таспен құйылған іргетасы атымен жоқ. Сондықтан 80 жыл тұрған баспана қазір шөгіп, тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін күйге жетіпті.
Гүлнәр Ысқақова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Екі жағына қарай қисайып бара жатқанын еденнен-ақ байқауға болады. Кез келген уақытта төбесі ортасына түсу қаупі бар. Қала әкімінің қабылдауында болып, мәселені айтқан едік. Инвесторлар: «Іздеудеміз», – деп шығарып салды.
Мәселенің инвесторлар көмегімен ғана шешілетінін қалалық әкімдік өкілдері де растап отыр. Себебі аймақта қирау алдында тұрған баспана тұрғындарына жаңасын ұсынатын бағдарлама жоқ. Ал өңірде мұндай мәселемен 17 үйдің тұрғындары шенеуніктердің есігін қағып жүр. Сондықтан жағдайды тек жеке меншік және мемлекеттік әріптестік аясында ғана түзетуге болады.
Ақнұр Қазбаева, Ақтөбе қалалық Тұрғын-үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Егер үйлері апатты деп танылса, олар бізге кезекке тұрады. Біз қазір құрылыс компанияларын шақырып, сол үйлерді бұзып, орнына көппәтерлі тұрғын үй салуды ұсындық. Мұндай тәжірибе бар.
Қазір жаңа баспана қолданысқа берілген. Құрылыс компаниясы алдағы уақытта да ескі үйлерді сатып алуға даяр. Бастысы: тұрғындардың келісімін алу.
Зәуреш Китегулова, құрылыс компаниясының директоры:
- Қирау алдында тұрған үйдегі пәтерлерді 7 млн теңгеден бастап бағаладық. Ауданы үлкендері сәйкесінше одан да қымбатқа шықты.
Жаңақоныс ауылында биыл қирау алдында тұрған өзге көпқабатты үйлердің иелеріне 250 пәтерлі ғимараттың құрылысы басталуы тиіс. Алайда оны тегін таратып бермейтіндігі баршаға аян. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарға жеңілдетілген несие жолын қарастыруда.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков