Абайдың 175 жылдығына арналған бүркітшілердің сайысы өтті
Тап осындай тақырыппен ШҚО-да құсбегілердің республикалық сайысы өтті. Дәстүрлі жарыс Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ақынның туған жерінде ұйымдастырылды. Оған ақпанның ақтүтек боранына қарамастан, еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық құсбегі қатысты. 2 күн бойы саятшылық өнерін паш етті.
Болат Көкенайұлы, тілші:
- Қазақ елінің көкбайрағында бейнеленген қыран құс – ежелден-ақ азаттық пен еркіндіктің символы. Бүгінде тәуелсіз еліміздің құсбегілік пен саятшылық өнері жыл өткен сайын қарқынды дамып келе жатыр. Абай атамыздың тойы да осынау ата дәстүрден басталуы бекер емес. Оған жастардың да қызығушылығы жыл сайын артып келеді.
Жарысқа Нұр-Сұлтан қаласынан келген 11 жастағы Ерасыл бұл өнерді атасы мен әкесінен үйреніпті. «Машақаты мол болғанымен, құсбегілік қаныңды ойнатып, жаныңды сергітеді», – дейді ол.
Ерасыл Серікбекұлы, жас құсбегі:
- Бүркітшілікті мен кішкентай кезімнен, 7-8 жасымнан бастадым. Ең бірінші құсым ителгі болды. Сөйтіп ақырындап кіші құсты ұстап жүрдім де, үлкейген соң үлкен құстарды алып баптадым.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бүркіт, ителгі, қаршыға сияқты қыран құстардың әрқайсысына бөлек-бөлек шарт қойылды. Әуелі құсты ұшырып, иесіне қайтару, шырғаға салу арқылы іріктеу жасалды. Мұнан кейін қоян, түлкі, қарсақ сияқты аң түрлерін аңдып тұрып, бас салу да көрерменге қызық болды.
Ермұхан Байетбай, жеңімпаз бүркітші:
- Бүркітімнің аты – Айғайтас. Жасы 4-те. Бірнеше жарысқа қатысқан, , енді бағы жанып, бабы қатар келіп, 1-орын алдым, Аллаға шүкір!
Бағдат Мүптекеқызы, «Қыран» федерациясының атқарушы директоры:
- Басқа мемлекеттердің тәжірибесінде бар сияқты бізде де көк туымызда тұрғаннан кейін мына бүркітке ерекше мәртебе, статус берілу керек. Сонда біздің құсбегілерге, қыран құстарымызға да қамқорлық көбейеді деп ойлаймыз.
Бүркіт сынында Алматы облысынан келген Ермұхан Байетбай мен Сейітжан Алмас бірінші және екінші орынды бөліссе, үшінші орын атыраулық Арман Қошқаровқа бұйырды. Қаршығадан астаналық Серікболсын Жалғасұлының, ителгіден тараздық Бақдәулет Бабажанның өнері өзгелерден үстем болды.
Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы