Шымкенттегі орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары тоқтатылды
Қаржы салуға дайын инвесторлар да табылған еді. Жеке кәсіпкер жобаға 45 млн еуро бөлуге дайын екенін де айтқан. Спорттық ғимарат жаңаруы тиіс еді, алайда ел күткен өзгеріс болмады.
Бұл – Шымкенттегі орталық стадион. Мұнда бұрын түрлі спорттық жарыс болып, қыз-қыз қайнап жататын. Қазір мүлгіген тыныштық орнаған.
Биыл орталық стадионға 53 жыл толды. Осы уақыт аралығында спорт аренасында талай жарыс өтті. Халық қаншама ойынның куәсі болды. Небір атақты спортшылар өнер көрсетті. Аты аңызға айналған Мәскеудің «Спартагы», Киевтің «Динамосы» және Алматының «Қайраты» осы алаңда доп тепті. Олардың ойынын 37 мыңға дейін көрермен тамашалады. Алайда уақыт өте келе стадион әбден тозды. Жергілікті билік қайта құрылымдаудан өткізетінін айтты. 45 млн еуроға жаңа жоба ұсынылды.
Халықаралық талаптарға сай спорт алаңы салынуы тиіс болатын. Құрылысты словакиялық компания жүргізуі тиіс еді. Бірақ бәрі сөз жүзінде айтылып, сызба жүзінде қалды.
Әлібек Нұртаев, Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:
- Біз осы стадионды күрделі жөндеуден өткізуге ниет білдіргеннен кейін барлық жеке кәсіпкер өз ұсыныстарымен келген болатын. Соның ішінде словакиялық компаниясы өздерінің ниеттерін білдіріп алдын ала болжамды есептерін әзірледі. Жоба құны көп болғандықтан қайта есептеу тапсырылды. Компания басшысы сол кездегі қала басшысымен кездесті. Қала басшылығы өз қаражатынан бастауды ұсынғанда келісімге келе алмады. Содан бұл жұмыстар шегерілді.
Стадионның директоры Құрманбек Ордабеков әлемдік деңгейдегі жарыстар әлі де осы алаңда өтетініне сенімді. Нысанның қазіргі жағдайы тек ел біріншілігін өткізуге ғана мүмкіндік береді. Бұл стадион – еліміз бойынша табиғи шөп өсірілген жалғыз алаң.
Құрманбек Ордабеков, стадион директоры:
- Қазіргі таңда УЕФА-ның, Қазақстан футбол федерациясының талабына сай стадионда жанкүйерге жайлы, жақсы ойын тамашалау үшін шатыр болуы керек. Жүгіру алаңын ауыстыру қажет.
Биыл стадионның техникалық-экономикалық негіздемесіне жергілікті бюджеттен 18 млн теңге бөлінбек. Одан әрі қарай жобалық-сметалық жұмыстарына тағы да қаржы керек болады. Осы мәселелер жүзеге асқанда ғана қайта құрылымдау жұмыстары шешіледі. Спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының айтуынша, тағы да инвестор тарту жоспарланып отыр. Бірақ жанкүйерлер мен спортшылардың қашан жайлы, заманауи стадионның қызығын көретіні әзірге белгісіз.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Катерина Попкова, Нурмахан Мусатов, Нурмахан Бекмуратов