Алматыда ойын-сауық кешенін салу үшін 7 гектар жердегі ағаш рұқсатсыз кесілген
Экологтар: «Бұл – табиғатқа келтірілген үлкен залал», – деп дабыл қағуда. Алматы әуежайына апаратын Құлжа тасжолының бойында жаңа сауда, ойын-сауық кешенінің құрылысы басталып та кеткен. Құрылыс жоспарланған 7 гектар аумақта кесілген жас талдардың түбірін ғана көруге болады. «Экологиясы күннен-күнге нашарлап бара жатқан мегаполис үшін әр талдың сұрауы бар», – дейді табиғат жанашырлары. Олардың айтуынша, аталған аумақта 11 мыңға жуық ағаш кесілген.
Салтанат Ташимова, табиғат жанашыры:
- Әдетте ағаш кесу үшін комиссияға жүгіну керек. Біз ағашты қараймыз, тексереміз, адам өміріне қауіп тудыратын болса, кесіледі. Талдарды сақтап қалу үшін құрылыс жобасын қаншалықты өзгертуге болатынын қарастырамыз. Мен полицияға арыз жаздым. Арыз тіркелді. Әрі қарай тиісті мекемелер айналысады.
Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы мамандарының айтуынша, құрылыс жүргізіліп жатқан жердегі ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмеген.
Қайрат Тоқтасынов, Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы:
- Құрылысқа рұқсаты болса, ағаш кесуге біздің басқармадан бөлек рұқсат алынады. Қазіргі таңда мораторий рұқсат беріп жатқан жоқ. Бір кездескенімізде басшылары: «Біз рұқсат алайын деп жатырмыз», – деп айтқан, бірақ бізге рұқсат қағазын көрсетпеді.
Қазіргі уақытта мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда. Тиісті тексерулер жүргізіліп, сараптамалар жасалған соң, кінәлі тарап заң бойынша жауапқа тартылады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
- Қылмыстық кодекстің 340-бабы 1-тармағы бойынша іс қозғалған болатын. Қазіргі таңда арнайы сараптамалар жүргізілуде. Келтірілген материалдық залалдың мөлшерін анықтау үшін мамандар жұмылдырылды. Барлық заңмен көзделген тергеу амалдары жүргізіліп, осы іске қатысы бар тұлғалар міндетті түрде анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ережесі бойынша жартылай өндірістік қалада әр адам үшін орта есеппен 153 шаршы метр жасыл желек болуы тиіс. Ал жылу орталықтары, кәсіпорындары бар Алматыда әр тұрғынға бар болғаны 5 шаршы метр жасыл өскін тиесілі. «Бұл қажетті нормадан 30 есе аз», – дейді эколог мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев