Шетелдік дәрігерлер тәжірибесімен бөлісті
Бірегей операция бірінші рет науқас жігітке жасалды. Сондай-ақ шетелдік әріптестер жарақаты ауыр адамдарды емдеудің жаңа тәсілдерімен бөлісті.
№7 қалалық аурухана дәрігерлері француз және ресейлік мамандардан буын ауруларын емдеудің жаңа әдістерін меңгерді. Бірегей операция барысында иық буыны толықтай ауыстырылды. Емдеудің бұл түрі иық жарақатын алған, буын іші сыну және артроз дертіне шалдыққандарға жасалады. Жаңа тәсілдің ерекшелігі, операциядан соң науқастың буыны жылдам қалпына келеді. 3 аптадан соң ол иығын өз бетінше қозғалта алады.
Жасұлан Арғынбаев, №7 қалалық аурухананың травматолог-дәрігері:
- Біздің пациент бұдан 5 жыл бұрын жарақат алған. Сол жарақат нәтижесінде басқа клиникаларда 4 рет ота жасалған. Қолдың қызметі істен шыққан. Соны осы ота арқылы қалпына келтіреміз. Бұл кезде қолдың жұмыс істеуі, кеңсігі ұлғаяды және бұрынғы қалпына келеді. Жасалып жатқан отаның барлығы МӘМС жүйесі бойынша жасалып отыр.
Еуропалық мамандар эндопротездеудің тағы бір әдісін көрсетті. Бұл жолы науқасқа жасанды жамбас буыны салынды. Алматылық дәрігерлердің мұндай операция жасауда тәжірибесі бар. Бірақ еуропалық сарапшылар протезді ауыстырудың инвазивті әдісін көрсетті. Яғни операция аз ғана кесу арқылы жасалады, әрі емделуші көп қан жоғалтпайды.
Патрик Виалье, хирург /Франция/:
- Мұндай хирургиялық әдіс 60 жастан асқан адамдарға жасалады. Қимылы аз, әрі буындары шыққан жандар осы операцияға жүгіне алады. Науқас операциядан соң бірден аяғын басып жүре алады. Буын 3 айдан соң толық қалпына келеді.
Әлемде эндопротездеу әдісі буыны сырқыраған науқастардың 20% жасалады. Қазақстанда бұл операция тегін жасалады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Эдуард Кон