Астанада Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлының сот отырысы өтті. Ол соттан бұлтартпау шарасын өзгертуді және оны үй қамаққа жіберуді сұрады. Айтуынша, денсаулығы нашарлаған. Бірақ бұл өтініші қабылданбады. Сондай-ақ ол өз кінәсін мойындамайтынын айтты. Қылмыстық іс бойынша тыңдалым Байқоңыр аудандық №2 сотында өтті. Арыстанбек Мұхамедиұлы таңертең сот отырысына №64 мекемеден онлайн режимде қатысқанымен, түстен кейін күдікті сот залына жеткізілді. Музейдің экс-басшысына бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылып отыр.