Бүгін Мәжілісте Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасы талқыланды. Құжатты әзірлуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы түрткі болды. Сондай-ақ облыс орталығындағы халық саны 2017 жылғы 160-тан 220 мың адамға дейін өскен. Шаһар соңғы кезде туристік бағыт ретінде дамып жатыр. Заң қабылданса, қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс пен шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады. Оларға жақын маңда салынатын нысандардың биіктігі, дизайны мен түр-түсіне арнайы талаптар қойылады. Ал қалада қызмет көрсету деңгейін жетілдіріп, ұлттық қолөнер саласын дамытуға қаржылай қолдау көрсетілмек. Сонымен қатар қала әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беріледі.